Еуроодақ елдерінде энергетикалық дағдарыс өршіп тұр

Еуроодақ елдері газды тұтыну мөлшерін 13 процентке дейін азайту керек. Әйтпесе жылу маусымы кезінде қоймадағы көгілдір отын қорының таусылуы ғажап емес. Халықаралық энергетикалық агенттік осындай кеңес беріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мекеме өкілдерінің есептеуінше,биыл алғашқы 8 ай ішінде Кәрі құрлық елдерінде газ тұтыну мөлшері онсыз да 10 процентке қысқарған екен. Мамандар көрсеткішті тағы да азайту керек дейді. Сонда өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болатынын айтады. Украинадағы шиеленіске байланысты Еуроодақта энергетикалық дағдарыс өршіп тұр. Жыл басынан бері мұнда ресейлік газдың импорты 48 процентке азайған. Жақында «Солтүстік ағын» және «Солтүстік ағын-2» газ құбырларында ақау болып, бұл бағыт арқылы Кәрі құрлыққа шикізат тасымалданбай отыр.