Бразилияда президент сайлауы өтті

Демалыс күндері әлемнің бірқатар елінде сайлау өтті. Бірі жаңа президентті таңдаса, енді бірінде жергілікті халық парламент депутаттарына дауыс берді. Әр жерде саяси доданың қорытындысы әр түрлі. Тіпті мүйізі қарағайдай саясаткерлердің өзі күтпеген нәтижелер болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бразилиядағы сайлауға 11 үміткер қатысты. Кандидат жеңіске жету үшін сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысын жинауы керек-тін. Алайда үміткерлердің ешқайсысы бұл көрсеткіштен аса алған жоқ. Бразилияның жоғарғы сайлау соты келтірген дерек бойынша бірінші кезеңде 76 жастағы саясаткер Лула да Силва жеңіске жетті. Оған сайлаушылардың 48 проценті дауыс берген. Екінші орынға 43 пайыз дауыспен қазіргі президент Жаир Болсонару жайғасты. Осылайша өзге қарсыластардан оқ бойы озған екі үміткер сайлаудың екінші кезеңіне өтті. Ол қазанның 30-ына белгіленді.

Лула да Силва, Луис Инасиу, президенттікке үміткер:

– Бізге қазіргі мемлекет басшысымен бетпе-бет дебат өткізу мүмкіндігі бұйырды. Ол Бразилия халқының арқасы. Енді алдағы пікірсайыста президенттің өтірік айтуды әрі қарай да жалғастыра бере ме, әлде өмірінде алғаш рет шындықты айтуға көше ме – деген сұрақтың жауабын білетін боламыз.

Кешегі өткен сайлауда қазіргі президенттен озып кеткен Лула Да Силва жөнінде не айтуға болады? Әрине дәл қазір оған қандай да бір баға беру қиын. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Лула 2003 пен 2010 жылдар аралығында ел басқарған кезде Бразилия экономикасы мен қоғамы қарқынды дамыған. Соның арқасында ең танымал саясаткерлердің біріне айналыпты. Ал Болсонаруға келер болсақ, оның осы сайлаудағы басты артықшылығы дәл қазір мемлекет басшысы қызметін атқаруында. Сонымен қатар парламент тарапынан үлкен қолдауға ие.

Айта кетейін, Бразилиядағы президентті сайлау қорытындысы тек мемлекет басшысын ғана емес, сондай-ақ штаттар мен федералды округтер губернаторларын анықтайды. Депутаттар палатасы мен Федералдық сенаттың үштен бір бөлігінің құрамын толығымен жаңартады, аймақтық жаңа депутаттар белгілі болады.

Сондай-ақ...