Ресей Федерациясы Федералдық конституциялық заңды мақұлдады

Федерация Кеңесі Ресей Федерациясының құрамына өзін-өзі жариялаған Донецк Халық Республикасы мен Луганск Халық Республикасы, Запорожье және Херсон облыстарын қабылдау туралы Федералдық конституциялық заңды мақұлдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Ресейде ресми түрде 89 Федерация субъектісі бар. Кеше ғана Мемлекеттік Дума қосылу туралы шарттарды ратификациялаған. Заңға сәйкес, енді бұл 4 өңірде орыс тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Десе де билік тұрғындарға туған тілін сақтап қалуға кепілдік береді.

Айта кетейік, қыркүйектің 23-27 аралығында Украинаның аталған төрт аймағында референдум өткен еді.

Жергілікті биліктің берген мәліметіне сәйкес, халықтың көбі Ресей құрамына кіруді қолдап дауыс берген. Алайда әлемдік қауымдастық референдум нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.