Путиннің қол қоюы қалды: Украинадағы төрт өңірдің тағдыры

Украинаның төрт аймағының Ресей құрамына өтуі туралы келісімнің күшіне енуі үшін тек Владимир Путиннің қол қоюы ғана қалды. Бұған дейін құжаттарды Конституциялық сот, Мемлекеттік Дума бекітіп, енді міне бүгін Федерация Кеңесінің депутаттары бір ауыздан мақұлдады.

Бір қызығы, келісімдерде аймақтардың шекарасы анықталмаған. Зеленский де қарап отырған жоқ. Путинмен келіссөз жүргізбейтінін сөз жүзінде айтып қана қоймай, заңмен бекітті. Ал Украинаның төрт аймағының Ресейге қосылуы туралы референдумды әлем болып қатаң сынға алғаны белгілі. Оның ішінде біздің ел де бар. Бірақ бір ғана мемлекет бұл шараның нәтижесін мойындайтынын жария етті. Бұл қай ел? 

Украинаның төрт аймағының Ресейге қосылуы туралы құжаттарға Владимир Путин қол қойған соң өңірлер үшін ауыспалы кезең басталды. Ол 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Ал ондағы заң шығарушы органдарға сайлау келер жылдың қыркүйегіне белгіленді. Келісімге сәйкес, Ресей енді өзін өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикалары, Запорожье мен Херсон облыстарының тұрғындарын өз азаматтары санайды. Бұған келіспегендер бір ай ішінде ресейлік төлқұжат алуға келіспейтіндерін жария етуге тиіс. Бұл туралы келісімде жазылған. Бірақ құжатта Запорожье және Херсон облыстарының шекаралары анықталмаған. Енді көбін осы сұрақ мазалап отыр. Бұған қатысты Кремль былай дейді.

ЦИТАТА: 

Дмитрий Песков, РФ Президентінің баспасөз хатшысы

"ЛХР және ДХР үшін 2014 жылғы шекаралар сақталады. Ал Херсон және Запорожьенің шекараларына қатысты біз әлі осы облыстардың халқымен ақылдасатын боламыз. Нақты ештеңені дөп басып айта алмаймын. Мұны сол жерде тұратын адамдар шешеді".   

Украина В. Путинмен келіссөз жүргізбейді

Ресми Киев Владимир Путинмен келіссөздер жүргізбейтінін айтқан еді. Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің тиісті шешіміне бүгін Владимир Зеленский қол қойды.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

- Біз әу бастан-ақ келісөздерді қолдап келдік. Алайда билік басында Владимир Путин болғанда одан түк шықпайтынына көзіміз жетті. Сондықтан біз Ресейдің басқа президентімен ғана келісссөздер жүгіземіз".

Солтүстік Корея Ресейге қолдау білдірді  

Украинаның ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің елдің НАТО құрамына шұғыл кіруі туралы сауалы да президентпен мақұлданды. НАТО демекші, әскери блокқа мүшелік ету үшін оған кіретін 30 мемлекеттің де келісімі қажет. Бұған дейін бірнеше мемлекет Украинаның шешімін құптайтындарын айтқан еді. Бірақ Болгария қарсы пікір білдірді. Жергілікті биліктің түсіндіруінше, Киев ең алдымен Ресеймен арадағы шиеленісті бейбіт жолмен шешудің нақты параметрлерін әзірлеуі қажет. Ал Солтүстік Корея Ресейдің өз құрамына жаңа 4 аймақты қосу шешімін мақұлдайтынын жеткізді. Әзірге бұл тиісті пікір білдірген жалғыз ғана мемлекет. Ал Ресейде қазір жартылай мобилизация жалғасып жатыр. Көрші елдің қорғаныс министрінің мәлімдеуінше, осы күнге дейін мобилизация бойынша әскер қатарына шақырылғандар саны 200 мыңнан асып кеткен. Бұған дейін Серей Шойгу 300 мың адам шақырылатынын айтқан еді. Десе де Владимир Путиннің қол қойған жарлығында нақты сандар келтірілмеген.

Жұлдыз Атагельдиева