Әлемдік экономиканың ғаламдық сипатта құлдырайтын түрі бар

Әлемді жайлаған инфляция барған сайын асауланып, бас бермей, үдеп барады. Ресми дерек осылай дейді. Осы ретте билік өкілдері оны тұқыртып, тізгінді қолдан шығармауға тырысуда. Бағаны тежеу үшін түрлі шара қолданылып жатыр. Өйтпеске амал жоқ. Әйтпесе әлемдік экономиканың ғаламдық сипатта құлдырайтын түрі бар.

Жуырда Біріккен ұлттары ұйымы осыған қатысты ескерту жасады. Жаһандық рецессия алдында тұрмыз деді. 

Инфляция рекордты деңгейге жетті

Қыркүйектің қорытындысы бойынша Түркия Республикасындағы жылдық инфляция 83 пайызға жетті. Бұл туралы тақауда елдің Ұлттық статистика институты хабарлады. Соның әсері болса керек, қазір түрік елінде тауар бағасы өте қымбат. Әсіресе көлік қызметі, тағам мен алкогольсіз сусындардың бағасы аспандап тұр. Өз кезегінде тәуелсіз сарапшылар былтырғы қыркүйек айындағы инфляциямен салыстырғанда биыл қыркүйектегі қымбатшылық 186,27% жеткенін алға тартады. Жалпы Түркияның орталық банкі ұлттық валютаның құлдырап, бағаның күрт өсуіне қарамастан, желтоқсан айынан бері пайыздық үстемақыны азайту саясатын жүзеге асырып келеді. Қазір ол 12 пайыз. Реджеп Тайип Ердоғанның айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 процентке дейін түсуі тиіс.

Ұлыбритания жұртын да бұл күндері қымбатшылық қысып тұр. Халықтың өмір сүру сапасы нашарлап кеткен. Тапқан табысымыз азық-түліктен артылмай барады, дейді ел азаматтары. Англия банкі жасаған мәлімдемеге сәйкес, отбасылар кейінгі 60 жылдағы ең қиын кезеңді бастап өткеруде.

Барри Сингх, дүкен иесі:

- Өкінішке орай, бағаны көтеретін шығармыз. Қазір оны қолдан келгенше ұстап тұрмыз. Соның өзінде сатып алушылар саны азайып жатыр. Егер тауар бағасын көтерсек, онда не болады? Осыдан қорқамын.

Қолда бар мәлімет бойынша, қазір Біріккен Корольдіктегі инфляция деңгейі 10 пайыздан жоғары. Бұл соңғы 40 жылда болмаған көрсеткіш. Бұған дейін Англия банкі базалық пайыздық мөлшерлемені 2,25 пайыз деңгейіне көтеріп, салықты азайтқан еді. Осылайша ел үкіметі и инфляцияны тізгіндеп, экономика өсімін қамтамасыз етпек болды.

Жаңа базалық пайыздық мөлшерлеме жайлы айтты. Бүгін оны Австралия да көтерді. Енді ол 2,6 пайыз деңгейінде болады. Бұл 2013 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Билік өкілдерінің мұндай шешім қабылдауы бірінші кезекте қымбатшылық себеп болды. Қарапайым тілмен айтқанда, егер базалық пайыздық мөлшерлеме жоғары болса, ұлттық валюта қуатты болады.  Егер төмен болса, сәйкесінше ұлттық валюта да әлсірейді. Әдетте, базалық мөлшерлеме инфляция өршіп тұрған елде көтеріледі. Ал Австралияда қазір дәл сондай жағдай. Инфляция 6 пайыз төңірегінде. Соңғы тоқсанда тіпті 8 пайызға жақындайды деген қауіп бар. Қаржы министрлігі қойған меже болса 2-3 пайыз ғана.

Джим Чалмерс, Австралияның бас қазынашысы:

- Соңғы бірнеше аптада дүние жүзінде жағдай күрт нашарлап кетті. Әлем экономикасының басына қара бұлт үйірілді. Оның ішінде біз де бармыз.

Десе де, Австралия секілді бақуатты мемлекеттердің инфляциямен күрес мақсатында қабылдап жатқан шаралары жаһандық рецессияға әкелуі мүмкін. Біріккен Ұлттар ұйымы осындай ескерту жасады. Сауда және даму жөніндегі БҰҰ конференциясының сарапшылары дайындаған баяндамаға сәйкес, экономикасы дамыған елдердің ақша-несие мен фискалдық саясатқа өзгеріс енгізуі жер жүзін ұзақ мерзімді тоқырауға әкелуі мүмкін. Ал оның салдары 2008 жылғы қаржы дағдарысынан да, коронавирус індетінен де жойқын болады, дейді мамандар. Біріккен Ұлттары ұйымына қарасты агенттіктің болжамы бойынша биыл жаһандық экономиканың өсімі 2,5 пайыз болады. Бірақ 2023 жылға арналған жорамал көңіл көншітпейді. Өсім 2,2 пайыз ғана. Жалпы ішкі өнім індетке дейінгі кезеңнен аз болады. Бюджет тапшылығы 17 триллион долларды құрайды. Ал бұл әлемдік табыстың 20 пайызы. Өз кезегінде дамушы елдердегі жағдай әлдеқайда тұрақсыз деп бағаланды. Биылдың өзінде осы санаттағы мемлекеттер өз валютасын қорғауға 379 миллиард доллар жұмсаған.