Әзербайжанда ресейліктер көбейді

Әзербайжанда да ресейліктер көбейді. Бұл жақта пандемиядан кейін құрлық шекарасы әлі ашылмаған. Өткен-кеткен жолаушы тек әуе арқылы ғана қатынай алады. Сол себепті билет құны әлдеқайда өсті. Өзге де тауарлар қымбаттап, жергілікті жұрттың қалтасын қаға бастады.

Пандемия басталғалы Әзербайжанның құрылықтағы шекаралары жабық тұр. Сондықтан бұл елге келгісі келгендер тек ұшақпен жете алады. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін олардың саны еселеп өсті. Арасында Ресей азаматтары мен отанына оралып жатқан жергілікті тұрғындар бар. Сұраныс жоғары болғандықтан билет бағасы үш есе қымбаттады.  

Азер Аллахверанов, мемлекеттік көші-қон орталығы жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы:

- Алдын ала мәлімет бойынша соңғы бір аптада елге ондаған мың адам келді. Билет таба алмайсың. Бірақ Мәскеуден Бакуге қымбат бағамен чартерлер ұйымдастыратын компаниялар Ресейде бар екенін білеміз. Бағасы бірнеше мың манатқа дейін жетуі мүмкін. Бүгінде Баку көшелеріне шықсаңыз, орыс тілді көптеген турист бірден көзге түседі.

Салдарынан жалдамалы пәтерлер де қымбаттады. Бір аптада пәтер жалдау ақысы екі есе өсті.  

Эльнур Азадов, риэлторлар мен құрылыс компаниялар қауымдастығының атқарушы директоры:

- Тамыз айының соңынан және оқу жылы басталғаннан кейін тұтынушылар әдетінше бағаның өсуіне шағымдана бастады. Ал ең жоғары сұраныс Баку қаласында болғандықтан, ұсыныс саны айтарлықтай азайды. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін, соңғы 10 күнде сұраныс күрт өсіп кетті. Олардың көбі Ресей азаматтары.

Соңғы екі аптада Әзербайжанға Ресейден 10 мыңнан аса адам келді. Бұл мемлекеттік көші-қон қызметінің мәліметі. Риэлторлардың айтуынша, негізінен дәулетті адамдар келіп жатыр. Олар Әзербайжанда ұзақ қалғысы келмейді, кейін Еуропа елдеріне көшуді көздеп отыр. 

Камилла Джабарова, Айгюн Гасан