Көшпелі қазақ америкалықтарды көшіріп жүр

Жетістіктің кілті – еңбекте. Мұхиттың ар жағында маңдай терімен табыс тауып, кәсіп ашқан қазақтар аз емес. Тек Вашингтон қаласы мен Вирджиния және Мэриленд штатында 8 Қазақстан азаматы «Moving» компаниясын ашып, жергілікті халықты көшірумен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрбек Бекен, тілші:

- Америкалықтар жиі көшіп қонады. Сондықтан болар, бұл жақта жүк таситын, ауыр көтеретіндерге жұмыс қашан да табылады. Сағатына кем дегенде 15-18 доллар төлейді. Тәулігіне 8 сағат бір отбасын көшіруге көмектессеңіз, 150 доллар табуға мүмкіндік бар. Міне, дәл осындай жұмысты АҚШ-та талай қазақ баласы істеп жүр.

Мувинг – ары-бері қоныс аударатын Америка тұрғындарына бастан аяқ қызмет көрсету. Тек Вирджиния штатында америкалықтарды көшірумен айналысатын 8 Қазақстан азаматы бар. Өзге штаттарда да осы салада жұмыс істейтін қазақтар аз емес. Солардың арасында Вашингтонға сәл ертерек келгені Талғал Белесов. АҚШ-қа 2011 жылы табан тіреп, жарты жылға жетпей компания ашқан.

Талғат Белесов, кәсіпкер:

- Пандемия кезінде біздің 20-30% корпорацияда істейтін жұмысшылар Майами, Солтүстік Коралинаға көшті. Өйткені ол жақта табиғаты жақсы, кең әрі арзан өмір сүру. Жұмыстың бәрі онлайн. Сол себепті бәрі көшіп, бір жерде байланбайды.

Қазір Талғаттың компаниясында 30 адам жұмыс істейді. Көші-қон маусымы қызған кезде жарнама беріп қосымша жұмысшы іздейді. Бүгінгі төрт тапсырыстың біреуін Астраханнан ауған орыстар орындап жатыр. Мобилизациядан қашқандарға мұнда да қамқор болып, жұмыс беріп отырған біздің отандасымыз. Мувингіге көмекші болып кіру үшін тіл білу, жүргізуші куәлігі маңызды емес. Тек жүк көтеретіндей денсаулық керек. Сондықтан бұл салада имигранттар көп.

Талғат Белесов, кәсіпкер:

- Төртінші қабатқа шығады, осының бәрін 4 қабат төмен қарай түсіру қара жұмыс қой. Бірақ жұмыстың артында береке бар.

 Алдымен сынатын дүние мүлікті мұқият орайды. Басты талап – сапалы сервис. Көшетін азаматтың көңілінен шығу. Сонда бәсекелестер арасында рейтингің де жоғары, разы клиент қосымша шайпұл да береді. Джеймс Малони тоғыз жылдан бері Талғаттың сенімді серігі. Міндеті – қоңырауға жауап беру, клиенттермен келіссөз жүргізу.

Джеймс Малони, тапсырыс қабылдаушы:

- Жалпы Вашингтон қаласында, Виржиния штатында мемлекеттік қызметшілер көп. Олар жұмыс ауыстырған сайын бір қаладан келесі бар қалаға көшеді. Сондықтан біздің де жұмысымыз жыл он екі ай жүре береді.

Жыл бойы тынымсыз еңбек етсең, Америка ғана емес, кез келген елде үлкен жетістікке жетуге болады. Әйтпесе «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегеннің де кері келуі мүмкін.  

Талғат Белесов, кәсіпкер:

- «Америкада келіп, бай болып кету» деген өтірік. Бұл жерде таза еңбек. Қара жұмыспен бастамасаң, сенің ағайын-туғаның жоқ, әке-шешең жоқ барып жататын, далада қаласың. Далада қалған адамды Америка аямайды. Соны адамдар тез түсінеді. Сондықтан Америкаға келіп, еңбектен қашпайды. Абай айтқандай: «Есектің бір жерін жусаң да, мал тап». Жастар оңай жұмысқа тартылмай, дәл осылай еңбекпен бастау керек.

Шет елде жұмыс істеп, жетістікке жету әрқашан оңай әрі сәтті бола бермейді. «Сондықтан адал әрі бір салада ұзақ еңбек еткен жан жерде қалмайды», –  дейді біраз белесті бағындырған Белесов.  

Авторы: Нұрбек Бекен