Грузияда жүзім жинау науқаны аяқталуға таяды

Грузияда жүзім жинау науқаны аяқталуға жақын. Биылғы өнімге фермерлер дән риза, өйткені бүкіл шығыны ақталып, мол табысқа кенелді.

Грузиндер жүзім жинау рәсімін Ртвели деп атайды. Рәсім деп бекер аталмаған, өйткені бұл ең алдымен дәстүр әрі мереке. Грузияда жүзім мен шараптың орны бөлек, кейбір деректерге қарағанда әлем бойынша жүзімді алғаш рет тап осы аймақта өсіре бастаған. Коба Чикадзе осыдан бес жыл бұрын Тбилисиден Кахетияға көшіп келген еді.  Жас фермердің иелігінде 4 гектар жер мен 13 мың көшет бар. 

Коба Чикадзе, фермер:

- Грузияда жүзім өсіру үшін, оны баладай бағу керек дейді. Яғни жыл бойы күні-түні баптап, өңдеу қажет. 

Биылғы жүзім жақсы өнім берді. Қыркүйек айының соңында 250 мың тонна жиналған. Көрсеткіш бұдан сәл жоғары болады деп болжанса да, фермерлер дән риза. Өйткені олар осы жиналған өнімнен-ақ 90 миллион доллардан астам табыс тауып отыр. Тек Кахетияның өзінде ғана түрлі сұрыптағы 200 мыңнан аса жүзім өңделген. Олардың ең танымалы  Ркацетели мен Саперави.

Леван Мехузла, Грузия ұлттық шарап агенттігінің төрағасы:

- Бұл өнімнен шамамен 200-210 мың тонна шарап шығады. Бір бөлігі брендті өнімге кетеді, ал басым бөлігінен жергілікті нарыққа арналған шарап жасалады. Басты мақсатымыз  әртараптандыру. Тек көрші елдермен шектелмей, өзге нарықтарға да шыққымыз келеді.

Қазір Грузия шарабын 62 елге сатып жүр. Бірақ 60 проценті Ресейге кетеді. Үкімет 5 жылда осы көрсеткішті 40 процентке дейін қысқартып, импортерлер ауқымын кеңейтпек. Биыл Қазақстан Грузия шарабын ең көп сатып алған 5 елдің қатарына кірді.

Юлия Тужилкина