БҰҰ Бас Ассамблеясы Ресейді айыптайтын қарар қабылдады

БҰҰ Бас Ассамблеясы басым дауыспен Ресейдің Украинаның 4 аймағын заңсыз аннексиялауын айыптайтын қарар қабылдады. Құжатты 143 мемлекет қолдап дауыс беріп, Ресей бастаған 5 ел қарсы шықты.

Оның ішінде Сирия, Беларусь, Солтүстік Корея, Никарагуа бар. Тағы 35 мемлекет қалыс қалды. Қарар әлем елдерін Ресейдің референдум арқылы 4 аймақты қосып алуын мойындамау және Мәскеуге дипломатиялық оқшаулауды күшейтуге шақырады. 23-27 қыркүйек аралығында Ресей әскерінің бақылауындағы Украинаның Донбас пен Херсон және Запорожье облыстарында Ресейге қосылу туралы рефрендум өткізілген еді.

Линда Томас-Гринфилд, АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Бүгін Ресей Украина аймағына басып кірсе, ертең басқа мемлекеттің аумағын жаулап алуы мүмкін. БҰҰ кез келген мемлекеттің шекаралары халықаралық құқықпен қорғалғанын қалайды.

Василий Небензя,  Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Бүгін Бас Ассамблеяның талқылауына саяси астары бар ашық арандатушылықты көздейтін құжат ұсынылды. Онда дәлел-дәйектер бұрмаланып, Украинадағы дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге кедергі келтіретін қарама-қайшылықтар бар.

Сергий Кислица, Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Біз қазір ғана Бас Ассамблеяда маңызды тіпті XXI ғасырдағы тарихи сәттің куәсі болдық. 143 ел қолдап дауыс берді. Бұл керемет. Ресей жағында 4 мемлекет қана. Елдер БҰҰ Жарғысын қолдай отырып, дұрыс шешім қабылдады деп сенемін.