Шотландия Ұлыбритания рұқсатынсыз референдум өткізуі мүмкін

Шотландия Ұлыбритания билігінің рұқсатынсыз референдум өткізе ала ма?

Тұманды Альбионның Жоғарғы Сотында осы мәселеге қатысты тыңдаулар өтті. Судьялар қандай шешімге келді және Шотландия халқы тәуелсіздік алуға қаншалықты асық?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Сот процесін өткізу бастамасын Шотландияның бірінші министрі, әрі Шотландия ұлттық партиясының көшбасшысы Никола Стерджен көтерді. Ол Ұлыбритания құрамынан шығу туралы референдум өткізуді тура бір жылдан кейін жоспарлап отыр. Бірақ ресми Лондон бұған үзілді-кесілді қарсы. 

Референдум бұған дейін де өткізілген. 2014 жылы. Оған қатысушылардың 55 проценті Эдинбург пен Лондон арасындағы одақ сақталсын деп дауыс берді. Бірақ Шотландия ұлттық партиясы дауыс берудің тағы өткенін қалайды. Өйткені бірінші референдумнан кейін Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шықты, ал шотландтардың басым көпшілігі бұған қарсы болды.

Эван Форрест, тәуелсіздік алу кампаниясының белсендісі:

- Ұлыбританияның қазіргі жағдайы ауыр. Соңғы бірнеше аптада тіпті қиындап кетті. Менің ойымша, бұл ел шотландтар қалайтын болашақты ұсына алмайды. Тіпті тәуелсіздік туралы ойланып үлгермеген адамдар да соңғы уақытта Ұлыбританияның экономикалық және саяси ахуалына күмәнмен қарап жүр.

8 жыл бұрын Ұлыбритания парламенті тиісті ордер бергеннен кейін референдум өткізу мүмкін болған еді. 2017 жылы Шотланд ұлтшылдары тағы да ордер сұрады, бірақ ол өтініштері қанағаттандырылмады. Енді Никола Стерджен Ұлыбританияның Жоғарғы сотына жүгініп, мәселені шешуге бел буды. Сот төрағасы ақырғы шешім шығару үшін күту керек дейді.

Роберт Рид, Ұлыбритания Жоғарғы сотының төрағасы:

- Сот шешімінің дайын болуы үшін біраз уақыт қажет. Бұл тыңдаулар - айсбергтің төбесі ғана. Бізге 8000 беттен астам жазбаша материалдарды зерттеу керек, сондықтан әдеттегідей шешім қабылдау үшін бірнеше ай қажет болуы мүмкін.

Жоғарғы сот теріс нәтиже жариялағанның өзінде Шотландия ұлттық партиясы референдум тақырыбын 2024 жылы өтетін Жалпылама сайлауда кеңінен насихаттамақ. Сайлау нәтижесінде шотландтардың тәуелсіздік алуға қаншалықты ниетті екендігін анықтауды жоспарлап отыр.

Никола Стерджен, Шотландияның бірінші министрі:

- Қазірдің өзінде Шотландия халқының 52 проценті егемен ел болғанымызды қалайды. Ұлыбритания құрамынан шығуды қолдайтындар, әсіресе, жастар арасында көп. Егер Шотландия тәуелсіздікке қол жеткізсе, Ұлыбританияға теріс бұрылмаймыз - терезесі тең мемлекет ретінде әріптестік орнатамыз. 

Шотландияның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына толық мүмкіндігі бар дейді сарапшылар. Бірақ бұл өте ұзақ жол. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы үшін төрт жарым жыл қажет болды. Ал Эдинбургтің Лондонмен ресми түрде қош айтысуына одан да көп уақыт кетуі мүмкін.

Ғалымжан Қараманұлы