Вашингтонда АҚШ-тағы елшіліктердің аспаздары жарысты

АҚШ астанасында Елшіліктердің бас азпаздарының жарысы өтті. Бұл шара тағамдар фестивалі аясында ұйымдастырылды.

Вашингтондағы 40 елшіліктің бас аспазы  іс-шараның беделді марапатын алу үшін барын салды. Ең жақсы жылы-жұмсақтары мен таңғажайып сусындарын дайындап, мұндағы келушілерге ұсынды. 

Бал қаймаққа бауырсақ батырып жеген үнді әйел манты дәмін көрген соң тіпті таңдай қақты. Төрде жайылған ақ дастархан алдында ұзын сонар кезек. Барлығы да түрлі тағамнан дәм татып, ерекше екенін айтумен болды. Өкінішке қарай қонақтар қазы-қарта, жал-жаяны жей алмады. Өйткені кейбір штатта жылқы етін тыйым салынған. Қазыны мұхит асыру да оңай емес. Әрі америкалықтар жылқы жемейді.

Ертай Сұлтан, Вашингтондағы Абай орталығының үйлестірушісі:

- Бауырсағымыз бар, қоспамыз бар, балқаймағымыз бар, самсамыз және мында мантылар бар. Енді бұл жерде ет қайда деген сұрақ туындайды әрине. Оны айтып өту керек, біріншіден, АҚШ-та жылқы еті жеуге келмейді. 

Әлемдегі 40 мемлекет өздерінің ұлттық тағамдары мен сусын-шараптарын ұсынды. Алдымен қазылар алқасы аралап, әр астың дәмін татты. Үш талап бойынша бағалады. Дәмі, безендірілуі және қалай ерекше ұсынылады. Қазақстан елшілігінің бас аспаыз манты мен самсаға салынған ет пен көкөніс нәрлі болуы үшін қолмен істегенін айтады. 

Елена, бас аспаз:

- Бүгін манты ұсынамыз, оның бәрін өзім қолмен бүктім. Етпен және көкөніспен. Арнайы көкөніспен істедік, өйткені мұнда ет жемейтін адамдар бар.  

- Бұл жақсы әрі дәмді. Мен Қазақстанның тамағын бірінші рет татып тұрмын. Тіл үйіреді деп айта аламын. 

Байқау қорытындысы бойынша бір ғана асымен келген, әрі сол жерде әзірлеп берген Филиппин аспаздары жеңімпаз атанды. Төрешілер алдында шеберліктерін көрсетіп, ыстықтай ұсынған соң ұтып кетті.

Нұрбек Бекен