АҚШ соты Дональд Трампты шақыртты

2021 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздікті бір жыл бойы тексерген арнайы комиссия Трампты тергеуге шақырды.

Олар АҚШ-тың Капитолиіне басакөктеп кіргендерді АҚШ-тың бұрынғы президенті айдап салған деп түрлі дәлелдер ұсынды. Былтырдан бері сайлаудан кейінгі бассыздықты тергеп жатқан Конгрестің арнайы комитеті жаңа әрі тың дәйектерді жариялайтынын мәлім етті. Вашингтоннан тілшіміз толығырақ баяндайды.

Нұрбек Бекен, тілші

- Былтыр 6 қаңтарда сайлау нәтижесін мойындамаған Трамп жақтастары Капитолийдің алдында шеруге шығып, оның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан болатын. Комитеттегілердің айтуынша, тексеру 2020 жылғы сайлау науқаны мен одан кейінгі былтырғы қаңтарға дейінгі аралықты қамтиды. Себебі демократияға әлі күнге дейін қауіп төніп тұр. Ал Трамп болса  сол күндері сайлаудан жеңілгенін мойындамақ түгілі, твиттер арқылы жақтастарын жанжалға шақырып, отқа май құйған. 

Бұған дейін 9 рет тыңдау өткізіп, тәртіпсіздік жайын талқылаған өкілдер палатасы осы жолы бейнедәлелдерді келтірмек. Олар бұған дейін ешкім көрмеген видеолар мен мыңға жуық құжатты құпия қызметтің өзінен алғанын айтады. Енді өкілдер палатасындағы комитет төрағасы мен оның жақтастары жылға жуық зерттелген жұмыстарын көп ұзамай жарияламақ. Биыл өткен бірнеше тыңдауда Трамптың тәртіпсіздікке қатысы барына оның жақтастары, республикашылар да көз жеткізген. Сондықтан соңы адам өліміне әкелген оқиғаға Трамп қайткен күнде жауап беруі мүмкін.  

Лиз Чейни, Республика партиясының өкілі:

- Еліміздің, балаларымыздың және Конституциямыздың алдындағы парызымыз осының бәріне түрткі болған адамнан тікелей жауап алу. Әрбір америкалық азамат бұл жауаптарды алуға құқылы. Сондықтан біз өз Республикамызды қорғау үшін қазір әрекет ете аламыз. 6 қаңтарда Америка Құрама Штаттарының Капитолийіне жасалған шабуылға байланысты Дональд Джон Трампты сотқа шақыруды жіберуді ұсынамын. 

Тілші: Арнайы комитеттегі 9 адам ұсынысты бірауыздан қабылдады. Жалпы тергеу комиссиясы дәлелдерін отырыс сайын шығарып жатыр. Мысалы мына видеода АҚШ-тың лауазымды тұлғалары 2021 жылы 6 қаңтарда Капитолиға шабуыл кезінде әскерилерге қоңырау шалып көмек сұрайды. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси және өзге де заң шығарушы орган мүшелерінің қатты абыржығаны байқалады. Олар Трамптың сайлау нәтижесін мойындамай бей берекетсіздікке ұйтқы болуы ешқандай ақтауға келмейді, дейді. Әрі сол күндері президент Трамптың әрекетсіз отыруы да көп күмән тудырып, күдік ұялатады.

Блиц

- Бұл тергеу АҚШ үшін маңызды деп ойлаймын. Экс-президенттің әрекеті АҚШ демократиясына қатер төндірді.

- Мен бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Рахмет менің пікірімді сұрағандарыңызға. 

Трамп 2024 жылы Ақ үйге қайта келуден дәмелі екенін жасырмай, өткен сайлау әділ өтпегенін жиі айтып жүр. Ал оның жақтастары болса, 6 қаңтарға еш қатысымыз жоқ деп өздеріне шаң жуытар емес. Естеріңізге сала кетейік, Капитолийде болған бассыздық кезінде 140 тәртіп сақшысы жарақат алып, бірнеше адам мерт болған. Мыңға жуық адам тұтқындалып, олардың 400-ден астамы осы күнге дейін өздерінің кінәсін мойындаған.

Нұрбек Бекен