loader

Еуропаның бірқатар елінде ауқымды шеру өтіп жатыр

Еуропаның бірқатар елінде ауқымды шеру өтіп жатыр

Еуропаның бірқатар елінде бұл күндері ауқымды шеру өтіп жатыр.

Бірі қымбатшылықтан қысылған соң көшеге шықса, енді бірі қоршаған ортаның ахуалына алаңдайды. 

Францияда жұмысшылар шеруі күш алып барады. Парижде 140 мың адам жалақыны өсіруді талап етіп көшеге шықты. Наразылық акциясын 4 кәсіподақ бірлесіп ұйымдастырған. Жиналған жұрттың айтуынша, елдегі инфляцияның кесірінен электр энергиясының бағасы күрт өскен. Азық-түлік құны да, күн санап шарықтап жатқан көрінеді. Содан әбден қажыдық, дейді тұрғындар. Айта кетейін, өткен аптада елде ұшқыштар ереуілі өткен еді. Соның салдарынан, жүздеген рейс кейінге шегеріліп, мыңдаған жолаушы жолдан қалған болатын.  

Қымбатшылыққа қарсы шеру

YOUTUBE.COM / EURONEWS ))

Бағаның өсуіне қарсы наразылықтар тек Францияда ғана болған жоқ. Португалияның Лиссабон мен Порту қалаларында да мыңдаған адам қымбатшылыққа қарсы көшеге шығып, шеру ұйымдастырды. Акция «өмір сүру сапасының төмендеуі мен құқықтың тапталуына қарсылық білдіреміз» деген ұранмен өтті. Тұрғындар жалақыны 10 пайызға көтеріп, ең төменгі еңбекақыны 800 еуроға жеткізуді талап етті. Ал Испания астанасы Мадридте қарт кісілер зейнетақыны арттыру мәселесін көтерді. Тұрғындар оны қайта есептеу керек дейді. Өйткені соңғы кездері халықтың өмір сүру сапасы айтарлықтай нашарлап кеткен. Өз кезегінде итальялықтар коммуналды қызмет түрлерінің қымбаттауына қарсы бас көтерді. Осыған байланысты жұрт биліктен шешім қабылдауды талап етті.

Германияда ұшқыштар шеруге шықты

Германияда 200-ге жуық әуе рейсі кейінге шегерілді. Бұған жергілікті Lufthansa компаниясына қарасты Eurowings әуе компаниясы ұшқыштарының шеруге шығуы себеп болды. Олардың басты талабы - еңбек жағдайын жақсарту. Кәсіподақтың мәлімдемесіне сәйкес, ұшқыштар жұмыс уақытының қысқаруы мен демалатын уақыттың артуын қалайды. Бірақ компания басшылары мұндай талаптың экономикалық тұрғыдан тиімсіз екен алға тартып отыр.  Жоспар бойынша шеру 3 күнге жалғасады. Бірақ соның кесірінен мыңдаған жолаушы діттеген жеріне жете алмай, жолдан қалатын түрі бар. Бүгіннің өзінде 185 рейс кейінге қалды.

Экобелсенділер шеруі

Лондонда экобелсендір шерулетіп жатыр. Мұнай өндірісі мен көлік санының артуына наразылық білдірген олар үкіметтің қоршаған ортаны қорғауға жеткілікті деңгейде көңіл аудармайтынын айтып, шағымданды. Табиғатты сақтап қалуға арналған бағдарламалар билік тарапынан мақұлданбайды, экология белсенділері жиі қысым көреді, дейді Джаст Стоп Ойл қозғалысының белсенділері.

Италиядағы экобелсенділер де осыған ұқсас шеру өткізді. Билікке өз дауысын жеткізу үшін олар тіпті жолды жауып, көлік қозғалысын тоқтатып тастады. Соның кесірінен Римдегі ірі магистрал көшелердің бірінде ұзынсонар кептеліс пайда болды.

Сондай-ақ...