АҚШ жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру үшін стратегиялық қордағы шикі мұнайды сатуға ниетті

Конгресттің қос палатасына сайлау жақындаған сайын елдегі инфляция мен жанармай бағасын тұрақтандыру үшін Джо Байден стратегиялық қордағы шикі мұнайды сатуға шығаратын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша, АҚШ президенті жанармай бағасын арзандатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақ үй басшысы бүгін мәлімдеме жасады.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Америка жанармай бағасы шарықтап кетпес үшін төтенше жағдайға арналған стратегиялық қорынан 15 млн баррель шикі мұнайды сататын болды. Екі апта бұрын Сауд Арабиясы жетекшілік ететін ОПЕК+ ұйымы мұнай өндіруді шектеу жөнінде шешім қабылдап, Ресей жағына шығып кеткендіктен, Байден осы қадамға барып отыр. Мақсаты – ел ішіндегі жанар-жағармайдың бағасын тұрақтандыру. Оның үстіне Конгресс сайлауы иек астында. Ал елдегі қымбатшылық электораттың көңіл-күйіне әсер етіп тұр.

 Джо Байден, АҚШ президенті:

- Стратегиялық мұнай қорының жартысынан астамы 400 млн баррель шикі мұнайға толы. Бұл кез келген төтенше жағдайда пайдалануға жеткілікті. Мен бүгінгі мәлімдемем арқылы нарықты тұрақтандырып, басқа елдердің іс-әрекеттерінен құбылған бағаны реттеуді жалғастырамын.

 Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ президенті Джо Байден мұнай бағасының қымбаттауына Владимир Путинді кінәлады. Бірақ жыл басынан бері шарықтап кеткен жанар-жағармай құнын 30% дейін төмендеткенін айтты. Сол түскен бағаны ұстап тұру үшін қордағы қара алтынды пайдаланады. Ал стратегиялық қорды мұнай бағасы барреліне 70 долларға түскенде қайта толтыра бастайды.

 Авторы: Нұрбек Бекен