Әріптесіміз әрі велошабандоз Ернат Мелсұлы Анкараға жетті

5 мың 555 шақырымды 55 күнде еңсеру. Осындай мақсатпен 5 қыркүйек күні Ахмет Байтұрсынұлының туған топырағы Ақкөл-Сарытүбектен шыққан әріптесіміз әрі велошабандоз Ернат Мелсұлы Түркияның астанасына ат басын тіреді.

Мақсаты айқын жиһанкезді түрік жұртшылығы құшақ жая қарсы алды.

Анкарадағы велошеру түрік жұртының көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесінен жалғасты.

Анытқабірден кейін қазақ велошабандозын салтанатты рәсіммен Анкараның Кечиөрен ауданындағы жұртшылық күтіп алды. Қарсы алғандардың арасында Аудан мэрі мен Қазақстан елшісі де бар. 

Тұрғыт Алтынок, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі:

- Қазақтың ұлт ұстазы, біздің ұстазымыз. Сондықтан бұл мәнді бастамаға қолдау көрсетіп, осылай қарсы алуды ұйғардық. Қазақстан елшілігінің мұндай шараларына әрқашан да қолдау беруге әзірміз.

Еркебұлан Сәпиев, ҚР Түркиядағы елшісі:

- Бұл шеру күллі түркі жұрты үшін маңызы зор. Ахмет Байтұрсынұлына арналған шерудің міне, бүгін Анадрлыдағы Абай Құнанбайұлының ескерткішінің алдында жалғастырып отырмыз. Ернат бауырымызға алғысымызды айтып, осындай шаралардың жас ұрпағымыздың жадында мәңгілік сақталуына тілектеспіз.

Велошеруші Ернат жиналған жұртшылықты қос елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығымен құттықтады. Ұлт ұстазы туралы келелі әңгіме өрбітті. Келушілерге алғысын білдіріп, жолда болған шытырман оқиғаларымен бөлісті.

 

Ернат Мелсұлы, «Хабар 24» арнасының тілшісі, велошабандоз:

- Біз сол батыр бабалардың, бахадүрлердің бүгінгі ұрпағы ретін темір атты тізгіндеп, Анадолы жеріне келдім. Қазақ елі, қазақ жұрты, Қазақстан – барша түркілердің атажұрты. Алтайдан келген сіздерсіздер. Атажұрттың ыстық сәлемін жеткізіп тұрмыз.

 

Дильназ Нұрғалиқызы, студент:

- Біз Анкара қаласына әлеуметтік желіден Ернат ағамыздың келе жатқанын көріп, қолдауға Анталиядан келіп тұрмыз. Өзім Болу қаласына «Шет тілі аудармашысы «мамандығына оқуға түстім. Ернат ағаның да аудармашы екенін көріп, жолын берсін деп ақ батасын алайын деп келдім.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған велошеру Ыстамбұлда аяқталады. Оған дейін Ернат Түрік әлемінің мәдени астанасы Бурсаға барып, Ұлытауда Қазақ байрағын желбіретпек.