Грузияда құрылыс саласында жұмысшылар тапшы

Грузияның құрылыс секторы қиындықтарға тап болды. Оған жұмысшылардың жетіспеуі себеп. Биыл мұнда Беларусь, Украина мен Ресейден келген мигранттар көбейген. Тиісінше үйге деген сұраныс та артты, Сондықтан қазір баспана өзекті мәселенің біріне айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ираклий Ростомашвилидің сәулетші болып жұмыс істеп келе жатқанына 40 жылдан асып кетті. Ол еңбек ететін компания ірі тұрғын үй кешендерін салумен айналысады. Бір жобаның өзіне 300-ге жуық құрылысшы қажет. Бірақ қазір ондай жұмысшыларды табу оңай шаруа емес.  

Ираклий Ростомашвили, сәулетші:

Біз жұмысшыларды іздеп жатырмыз. Жақында Польшада еңбек етіп жүрген грузиндерді елге қайта алып келдік. Олармен келісімшартқа отырдық. Бізбен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлеріміз бар. Олардан айрылып қалмау үшін бар жағдайды жасауға тырысып жатырмыз.

Қазір Тбилисиде 200-ге жуық құрылыс компаниясы бар. Солардың 80 проценті кадр тапшылығына тап болған. Сарапшылар оның екі негізгі себебі барын айтады. 

Леван Вепхвадзе, Грузияның бизнес қауымдастығының атқарушы директоры:

Бұл Кеңес одағы заманынан келе жатқан проблема. Ол кезде Грузияда көбі қара жұмыспен айналысуға ұялатын. Жұрт жоғары білім алғысы келетін. Бұл тек бізде ғана емес, бұрынғы Кеңес елдері үшін де ортақ проблема болды десек қателеспейтін шығармын. Тағы бір мәселе бар. Ол көші-қон. Өйткені жергілікті жұрт Еуропа елдеріне жұмыс іздеп кетіп жатыр. Себебі ол мемлекеттерде жалақы біздікінен 3-4 есе жоғары.

Иә, расымен, жыл сайын Грузияның мыңдаған азаматы дамыған елдерге кетіп қалып жатыр. Салдарынан пандемиядан кейін жергілікті бірқатар салада білікті маман тапшылығы туындаған. Мәселенің ушыққаны соншалық,былтыр үкімет пен бизнес өкілдері жаңа агенттік құрған. Ол жастарды тарту және мамандарды даярлаумен айналысады. Алайда сарапшылар бұл тез арада шешіле қоятын меселе емес дейді. Айтуларынша, жаңа мамандарды дайындауға 7 жылға дейін уақыт қажет. 

Жұлдыз Атагельдиева, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили