Әлем елдерінде табиғат тосын мінез танытты

Бангладеште “Ситранг” тропикалық дауылы соқты.

Апаттан әсіресе ел астанасы Дакка зардап шекті. Циклон негізі Читтагонг-Барисал жағалауынан басталған болатын. Соңғы деректерге сүйенсек, ел бойынша  25 адам қаза тапты. Миллионға жуық тұрғын эвакуацияланды. Қолда бар деректерге қарасақ, 10  мың үй қирап қалған. 6 мың гектар аумақ шайылып кеткен. Екпінді жел электр сымдарын үзіп, миллиондаған адамды жарықсыз қалдырған. Айта кетейік, 160 млн халқы бар Бангладеште соңғы жылдары мұндай апаттар жиілеп кеткен. Мамандардың айтуынша,  бұған климаттың өзгеруі себеп.  

Венесуэлада жауын-шашын тұрғындарды әбігерге салды

Венесуэлада толассыз жауған жаңбыр лай көшкініне айналды. Ел астанасы Каракаста апат салдарынан жүздеген адам баспанасыз қалған. Жотадан аққан батпақ үйлерді басып қалыпты. Жергілікті билік, бұдан бөлек 60-қа жуық ғимараттың қирағанын хабарлайды. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Қазір тұрғындар  лай астынан бүтін қалған заттарын шығарумен әлек. Қауіп төнген аудандарда құтқару, қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Жергілікті тұрғын:

- Менің қызым лай көшкіні басталғанда қатты қорқып кетті. Отбасымызбен барлығымыз қашып үлгердік. Енді қирап қалған үйімізді көріп балаларым жылап жатыр. Біз мұндайды бірінші рет өз көзімізбен көріп отырмыз. 

Египетте жауын мен қар аралас бұршақ жауды 

Египетке табиғат тосыннан мінез танытты. Ел астанасы Каирде және бірнеше провинцияда, қар аралас бұршақ пен жауын жауды. Ауа райының мұндай құбылысы, аймақта өте сирек кездесетіні белгілі. Бастапқыда  қар жауып, кейін жаңбыр құйып, жолдар су астында қалған. Синоптиктердің айтуынша, кей өңірлерде жауын әлі басылмай тұр. Ақпарат көздері ауа райының күрт өзгергеніне қарамастан, Каирдің халықаралық әуежайы қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлайды. Алайда аймақтағы төтенше жағдай қызметінің мамандары қауіпсіздік шараларын күшейтіп отыр. 

Ұлыбританияда да жауын-шашын кесірін тигізді. Лондонда тоқтаусыз жауған нөсер  соңы тасқынға ұласты.  Қауіптің деңгейі сары түске дейін көтерілген. Бұған қоса екпінді жел ағаштарды тамырымен жұлып, сынған ағаштар жолдарға құлаған. Ауа райының қолайсыздығынан кей өңірлердер теміржол қатынасы тежелді. Мәселен, Стоурбридж, Бирмингем, Макклсфилд бағыттарына жүретін пойыздар тоқтаған. Соңғы деректерге қарасақ, Линкольншир өңірін су басып, жолдар шайылған. 

Нигерияны топан су басты

Батыс Африка елі Нигерияда халқы таяуда болған алапат су тасқынына кейін әлі ес жия алмай отыр. Риверс штатында қазір баспанасыз қалған жұрт орналасқан уақытша лагерлерде жағдай қиын. Ауыз су мен тамақ тапшы. Адамдар аш ұйықтауға мәжбүр. Адамның көптігінен кейде жататын жер жоқ болып қалады деп шағымданды жұрт.

Гидеон Джордж, шаруа:

- Біздің барар жеріміз жоқ. Осы жерде түнеуге мәжбүрміз. Елде тасқындар болып тұратын, бірақ осы жолғы апат тұрғындарға өте ауыр тиді. Ішерге тамақ тапшы. Мына шатырларды паналап жүрміз.  

Айта кетейік, жауын маусымы басталғалы тасқын 600 адамның өмірін қиды. 1,5 млн жуық адам үйлерін тастап, қашуға мәжбүр болған. Нигерия бойынша жалпы 45 мың үй қирап, 440 мың гектар егіс алқабтың  быт-шыты шыққан. Елде жанармай мен азық-түлік тапшы.

Сондай-ақ...