Қазақстан Жаһандық жасыл өсу институтының конференциясына қатысты

Жаһандық жасыл өсу институты Қазақстанға атмосфераға шығарындыларды азайтуға көмектеседі.

Бұл  туралы Сеулде өткен GGGI конференциясында айтылды. Жиынға еліміздің атынан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің делегациясы барды. Айта кетсек, еліміз осы халықаралық ұйымның форумына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысты.

Қазақстанның жаһандық жасыл өсу институтына қосылуын қарастыратын заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 6 күн бұрын ғана қол қойды. Сондықтан GGGI конференциясында отандық делегация мүшелері құттықтауларды қабылдады.

Хелена Маклеод, Жаһандық жасыл өсу институты бас директорының орынбасары:

- Біз қазба байлықтарына қатты тәуелді басқа елдерді зерттедік. Шын мәнінде шикізаттық экономикаға қарағанда жасыл экономикада көбірек жұмыс орындарын құруға болады.

GGGI-дегі басты тұлға - Пан Ги Мун. Бұл институт 2012 жылы Пан Біріккен Ұлттар Ұйымын басқарған кезде құрылған. Ал 2018 жылы ол Жаһандық жасыл өсу институтының президенті болып сайланды. Экс-бас хатшының беделі қатысушы елдерге инвесторларды жылдам тартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта GGGI-ға 44 мемлекет мүше болса, тағы 20-ға жуық мемлекет оған қосылуға ниетті.

Пан Ги Мун, Жаһандық жасыл өсу институтының президенті:

- Біз климаттағы өзгерістерге бейімделу, дамушы елдер мен кедей қауымдастықтардың суға, электр қуатына, санитарияға және басқа да маңызды заттарға қол жеткізуіне көмектесу үшін көп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл дегеніміз, біз табысқа мұқтаж адамдарға  жасыл жұмыс орындарын құрып жатырмыз, ауа сапасы мен бүкіл әлем жастарының денсаулығын жақсартамыз. 

Президент Тоқаев үкімет алдына қойған міндеттердің бірі 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіруді 15 процентке дейін арттыру. Экология вице-министрдің айтуынша Қазақстанда көмірден жанартылатын және баламалы энергияға көшу жоспары қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда парниктік газдар шығарындыларының 73 проценті қатты отынның үлесінде.

Зульфия Сүлейменова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі: 

- 2030 жылға қарай 10 пайыз емес 15 пайызға жеткіземіз деп айтқан болатынбыз. Қазіргі танда жалпы динамиканы қарайтын болсақ ол өте позитивті жақсы болып табылады. Және де қазіргі танда жанартылатын энергия көздерін дамытам дегендердің саны көбеюде. Мен қателеспесем осы жылдың соңына дейін 6 пайызға жеткізуі тиіс.  

Жаһандық жасыл өсу институты қазірдің өзінде Қазақстанда жүзеге асырылуы мүмкін алғашқы жобаларды қарастыра бастады.

Зульфия Сүлейменова ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Газды факелдерде жандыру және осы жандырудан келетін экологияға зиянды әсерді төмендету саласында. Әрине осы жобалардың барлығы әлі де болса жақын уақытта пысықталатын болады. 

Қазіргі уақытта Қазақстанның жаһандық жасыл өсу институтына қосылуының соңғы рәсімдері жүргізіліп жатыр. Тиісті куәлік дипломатиялық арналар арқылы GGGI депозитарийіне берілгеннен кейін еліміз осы ұйымның толыққанды мүшесі болып саналады. Бұл шамамен екі аптаға созылады.