Өзбекстанда зиярат апталығы басталды

Бұқарада дүниеге кеп, Самарқандта жерленген имам әл-Бұқариді білмейтін мұсылман кемде-кем. Ислам руханиятына еңбегі сіңген қайраткерді хадистер әлемінің сұлтаны деп те атайды.

Өзбекстан – ежелгі каллиграфия өнері сақталған бірден-бір мекен. Онымен мұнда суретшілер айналысып, сүре, аяттарды зергерлік шеберлікпен қағазға түсіреді.

Давлат Сафаров, каллиграф:

- Бұл өнер исламның Орталық Азияға келген сәтінен басталды. Кеңес Одағы кезінде ұмыт болған еді. Қазір қайта жаңғырды. Мен Бұқарадан келдім. Онда оншақты адам ғана осы кәсіппен айналысады. Жазған сүре, аяттарды адамдар тапсырыспен алады.

Мемлекет туризм саласында түрлі тәжірибені ұштастырып, өзіндік брэнд қалыптастырып үлгерді. Қазір Өзбекстан ислам әлемі үшін халықаралық зиярат орталығына айналды.

Әзиз Әбдухәкімов, Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, Туризм министрі:

- Ислам ынтымақтастық ұйымы Хиуа шаһарын ислам әлемінің 2024 жылғы астанасы ретінде жариялады. Самарқанд та дүниежүзінде мұсылман құндылығы насихатталып келе жатқан үздік қала атанды. Зиярат туризміне лайықты, инфрақұрылымы жан-жақты қалыптасқан мәртебеге ие болдық.

Оңтүстік Азиядағы мұсылман мемлекеттерімен де байланыс нығайған. Үндістан, Пәкістан, қала берді Малайзия, Сингапурдан саяхатщы тарту ісі жолға қойылды.

Мұхаммед Асри, Малайзия мұсылмандарының мүфтиі:

- Малайзиядағы мұсылмандар әл-Бұқаридің еңбектерін оқиды. Бірақ оның жай тапқан жерінен бейхабар. Өзбекстанда дүниеге келіп, осында жерленгенін білген соң келуді шештік. Тек бұл ғана емес, Қазақстандағы көне орындарды аралағымыз келеді.

Енді Оңтүстік Азиядан түркі әлемінің рухани астанасына саяхатшы тарту міндеті тұр. Түркістанның келешекте зиярат ету жобасына қосылып, ислам өркениетіне тән тарихи орын, құнды жәдігерлерін дүниежүзіне таныту мүмкіндігі бар.

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласын бірлесіп дамытуға ниетті. Түркістан мен Самарқанд арасында қатынайтын жүрдек пойызды іске қосу көзделген. Көрші елде бұл бағытта тәжірибе жеткілікті. Биыл шетелдік 4 миллионға жуық туристті қабылдаған мемлекет үшін алдағы меже бұдан да ауқымды. Келер жылы Өзбекстан 7 млн саяхатшыға есік ашпақ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов