loader


Украинада кедей көбейген – Дүниежүзілік банк

Дүниежүзілік банк Украинадағы кедейлік деңгейі он есе артқанын мәлімдеді. Қазір халықтың  төрттен бірі кедейлікте өмір сүріп жатыр. Ал келесі жылдың соңында тұрғындардың 55%-і кедейлік шегіне жетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономика министрлігі елдегі инфляция желтоқсан айына дейін жиырма бестен, отыз процентке дейін шарықтайды деп хабарлады.

Бүгінде метроның жанында май шамдарын сатып тұрған Анна Коваль  – жиырма жылдан бері Херсон қаласындағы электр-механикалық құралдар шығаратын зауытта технолог қызметін атқарып келген. Өзі – Николаев қаласынан. Қара теңізге аса жақын бұл аймақтың қазіргі ахуалы қиын, жарты млн тұрғыннан 200 мыңдай ғана қалды. Шаһар күнделікті зымыран соққысының астында қалып тұр. Украинада Инна сияқты тұрақты қызмет орнынан қағылып, үлкен қаланы жағалап жүрген жұмыссыздар саны артып келеді. Бір жыл бұрын елдегі жұмыссыздық деңгейі 9 процент болатын. Ал қазір ресми ақпарат бойынша қырық пайызға жуықтады.

Анна Коваль, Николаев қаласының бұрынғы тұрғыны:

- Мен ғана емес көптеген таныстарым да Николаев өңірінен шет елге немесе Украинаның басқа қалаларына қоныс аударып жатыр. Басқа мекенде өз мамандығың бойынша қызметке орналасу қиын. 2-3 ай бұрын Киевке көшіп келіп, жұмыс таппай, базарға шығуға тура келді.

Украинаның Ұлттық банкі жылдық инфляция отыз процентке жететінін мәлімдеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар тиісті меже 45 тіпті 50 процентке дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Украинаның қазына қорының  ай сайынғы тапшылығы бес бүтін оннан сегіз млрд еуроны құраған. Бюджет қаражатының басым бөлігі қорғаныс саласына құйылып жатыр.

Валерия Корепанова, кәсіпкер:

- Көптеген украиналықтар тұрғылықты мекен жайын ауыстырып, қатты қақтығыс жүріп жатқан оңтүстік және шығыс аймақтардан елдің батысына қарай көшкен. Сондықтан тұрақты жұмыс орнын тастап, жаңа қызмет іздестіріп жүр. Жұмыссыздық деңгейінің артуына төбеден зулаған зымыранмен ел ішіндегі көші-қонның артуы да зардабын тигізді деп ойлаймын.

Дүниежүзілік банк соғыс салдарынан Украинадағы кедейлік деңгейі он есе артқанын мәлімдеді. Жыл соңына дейін халықтың  төрттен бірі кедейлікте өмір сүруге мәжбүр. Ал келер жылдың соңына қарай бұл деңгей тіпті 55 процентке дейін шарықтап кетуі де әбден мүмкін.  Ел Президенті Зеленский халықаралық донор мемлекеттерден Украинаның  бюджет тапшылығын жабу үшін шамамен 55 млдр ақш доллары қажет екенін айтып, көмек сұрады. Оның ішінде 17 млрр – қыс алдында қираған мектеп, тұрғын үй мен энергетикалық нысандарды қалпына келтіруге жұмсалмақ.

Авторлары: Аида Қыдырбай

 

Сондай-ақ...