loader


Украинада биыл 32 млн тоннадан астам астық жиналды

Ауылшаруашылық министрлігінің мәліметі бойынша 10 млн тоннадан астам астық экспортталып, оның  5 млн тоннасы Африка және Азия елдеріне тасымалданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

190 мың тонна украиндық бидай Судан, Кения, Эфиопия, Йемен сияқты ашаршылық алдында тұрған елдерге жөнелтілді.

3 қарашадағы жағдай бойынша Украинада дәнді және бұршақ дақылдары 8 млн гектар алқапқа бастырылды, бұл жоспарланған алқаптың 72% құрайды. Оның ішінде зымырандық атқылауға қарамастан Украина даласында 10 млн гектар алқаптан 32 млн тоннадан астам астық жиналды. Маусым аяқталғанша әлі де отыз тоннадай жинау жоспарланып отыр. Дәнді және бұршақ дақылдарының ең жоғары өнімі Хмельницкий облысында тіркелді. Астықты оқтың астында жүріп жинау бір бөлек, ал оны теңіз арқылы экспорттау тіпті бөлек мәселе.

Тарас Высоцкий, Украина аграрлық саясат және азық-түлік министрінің орынбасары:

 - Астық дәлізі арқылы күнбағыс майы, рапс және арпа экспортталады және әрі қарай да экспортталады деп үміттенеміз. Осы кезеңде астық дәлізіне 400-ден астам кеме қосылып, тиісінше осы кемелер арқылы 10 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімі сыртқа шығарылды.

Дей тұрғанман, өткен жылы Украинада 86 млн тонна астық жиналған еді, биыл қарулы қақтығыс салдарынан бұл сан екі есеге аз. Бір ғана сұйық майды мысалға алсақ, өткен жылы 5 млн тоннадан астам күнбағыс жиналған, биылғы маусымда ол 1 млн тонаға аз. Салдарынан Еуропа елдерінде украиндық майдың дефициті бағаның шарықтауына әкелді. Айталық, биыл Испанияда бір литр сұйық май бағасы 30% шарықтаған.

Тарас Высоцкий, Украина аграрлық саясат және азық-түлік министрінің орынбасары:

- Айта кетерлігі, украиндық шаруалар соғыс жағдайына қарамастан барын салып, күздік дәнді дақылдардың егіс алқаптарын 4 млн гектарға жеткізді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен әрине, аз, 2021 жылмен салыстыратын болсақ, күздік егіс алқабы шамамен 40% қысқарды.

Атап өту керек, ел астығын теңіз жолы арқылы аман-есен сыртқа тасымалдауға 2022 жылы 22 шілдеде Ыстамбулда БҰҰ, Түркия, Украина және Ресей арасында жасалған «астық келісімі» арқасында ғана ісе асыруға мүмкіндік туды. Осылайша, 1 тамызда украиндық астық тиелген алғашқы кеме екі ел арасындағы соғысқа қарамастан Одесса портынан аман шықты. Украина астығы әлемнің 36 еліне жол тартқан, оның басым бөлігі Еуропа пен Азия және аштықтың алдында тұрған Африкаға жеткізілді. Украина астығының аман-есен тасымалдануына кепілдік беретін «астық құжаты» 120 күн бойы, яғни 22 қарашаға дейін ғана жарамды.

Авторы: Аида Қыдырбай

Сондай-ақ...