Багам аралдарында тұрғындар жарықсыз отыр

АҚШ тұрғындарын табиғат апаты әлекке салды. Флоридада "Николь" дауылы ойран салып жатыр. Ал Калифорнияда тасқын қаңғыбастар тұрып жатқан уақытша лагерьді шайып әкеткен. Көз жұмғандар бар.

Жуырда ғана болған "Иэн" дауылынан кейін енді есін жия бастаған Флорида халқын табиғат апаты тағы тығырыққа тіреді. Бұл жолы мұнда "Николь" дауылы ойран салып жатыр. Күшті желмен қоса нөсер толастамай тұр. Алғашында өңірге тропикалық дауыл таяп келеді деген ескерту жасалған. Алайда мамандар бұл жолғы апатты бірінші дәрежелі дауыл қатарына жатқызды. Осыған байланысты аймақта мектептер мен саябақтар уақытша жабылды. Штаттағы ірі қаланың бірі - Орландода әуежай ұшақтарды қабылдап жатқан жоқ. 70 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал НАСА,,,зымыран ұшыруын кейінге қалдырды. 

Багам аралдарында тұрғындар әлі жарықсыз отыр

Флоридаға жетпей тұрып осы "Николь" Багам аралдарында ойран салған еді. Табиғат апатының салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Кейбір елді мекен жарықсыз отыр. Ал 500-ге жуық адам әлі күнге дейін уақытша орталықтарды паналауға мәжбүр.

Тасқын судың әлегі

Ал Калифорнияда толассыз нөсер соңы тасқынға ұласты. Салдарынан Онтэрио қаласында 10 адамды су шайып әкетті. Олардың бесеуі қайтыс болған. 

Непалда құтқарушылар таулы аймаққа жете алмай жатыр

Ал Непалда жер сілкінісінен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Зілзаладан таулы аймақ өңірлері жапа шеккен. Мұнда ауыр техника қатынай алмайды. Салдарынан құтқару жұмыстары қиындады. Сәрсенбіге қараған түні мұнда 5,6 балдық жер сілкінісі болып, 6 адам көз жұмды.

Жұлдыз Атагельдиева