АҚШ-та қазақтар саны 100 мыңға жуықтады

Америка Құрама Штаттарында тұрып жатқан қазақтар саны шамамен 100 мыңға жуықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл біздің ел азаматтарының ғана емес, Түркия, Моңғолия, Қытай сияқты әлемдегі өзге де мемлекеттерден барған қандастардың жалпы саны. Қазір тіл курстарына деген қажеттілік туындай бастады. Себебі жат құрлықтағы бала-шағасын түп-тамырынан ажыратпаудың қамын ойлап жүрген қазақ көп. Вашингтон қаласы мен Вирджиния және Мэриленд штаттарында тұрып жатқан қазақтардың жиынында осы мәселе сөз болды. Басқосуды Қазақ-Американ қауымдастығы ұйымдастырды.

Бұл – үш жылғы үзілістен кейінгі басқосу. Пандемия кедергі келтірді. Оның үстіне Америкадағы қарбалас тірліктен де жиі жүздесуге уақыт жоқ. Табиғат аясындағы кездесуге АҚШ-та жұмыс бабымен жүрген, білім алып жатқан, біржола қоныс аударған, көшсем бе деген қазақтар келді. Осы жақта тұрмыс құрған қыздар да қалыс қалмады. Мақсат біреу – барынша тығыз араласып, тіл мен ділді сақтау. Түп-тамырын ұмытпау.

Дархан Нұрмағамбет, Қазақ-американ қауымдастығының президенті:

- Бір-бірімізді сағынып қалыппыз, жастарымыз өсіп қалыпты. Балалар өсіп жатыр. Жаңадан адамдар келіп, бір-бірімен танысып, риза болып жатыр.

Қазақ-американ қауымдастығы мұндай кездесулерді 20 жыл бұрын бастаған. «Биылғы басқосуымыз бұрын соңды болмаған, 100 жылда бір қайталанатын жылы қарашаға дөп келді», – дейді. Оны жақсылыққа балады. Мұндағы отбасылар кем дегенге 3-4 бала тәрбиелеп отыр. Ойын алаңында олардың ағылшынға судай екенін байқайсыз. Ата-ана баласының жат болып кетуінен сақтанады. Бүлдіршіндері қазықылықтан ажырап қалмас үшін біраз жоспарлары бар. «Балауса» деген хор да құрмақшы. 

Дархан Нұрмағамбет, Қазақ-американ қауымдастығының президенті:

- Мақсатымыз – тілді, дәстүрді сақтау. Біз қазақпыз, біз Отанымыз, тамырымыз жоқ емес, еліміз бар, тамырымыз бар, дәстүріміз бар деп жүрегі соққан балалардың өскенін қалаймыз.

Американың этникалық топтары» деп аталатын Гарвард энциклопедиясындағы мәлімет бойынша 1960 жылдары АҚШ-та 20 шақты қазақ шаңырағы болған. Ал қазір шамамен 100 мыңға жуықтады. Қазақ диаспорасы көбірек шоғырланған жер Нью-Йорк. Cодан кейін Маями, Флориданың оңтүстік аймағы, Лос-Анжелес және Чикагода бар. АҚШ-дағы Қазақстанның Елшілігі оларға жан-жақты көмек көрсетуге әзір.

Ержан Ашықбаев, Қазақстанның Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Отандастар қорымен құрып жатқан біраз жоспарларымыз бар. АҚШ жалпы саны біздің пайымдауымыз бойынша 100 мыңға жуық қазақ азаматтары бар. Қазақтың Америкадағы ең үлкен шаңырағы біздің Елшілік деп білеміз. Әркімге біздің айтар сөзіміз, әр қазағым жалғызым деп қараймыз.

Имигранттар елінде өзінің тілі мен ділін сақтап тұрып жатқан талай ұлт бар. Бірақ жұтылып кеткендер де аз емес. Сондықтан белгілі жазушы Мұхтар Мағауин әркім ұрпағын қазақы рухта тәрбиелеу керегін айтады.

Мұхтар Мағауин, Қазақстанның халық жазушысы:

- Эммиграцияға кету, шетке кету барлық жұртта бар қазақта да оны ешкім тоқтата алмайды. Бұны жақсы деп те жаман деп те айтуға болмайды. Бұл табиғи нәрсе, табиғи жағдай. Ең бастысы, шетке кеткен қазақтар өзінің тілін сақтау керек. Дәстүрін, салтын сақтау керек. Балаларын қазақы рухта тәрбиелеу керек.

Жат құрлықта жұтылып кетпеудің жалғыз жолы осы бастан бала тәрбиесіне мән беру. Бас қосқан қазақтар осылай деп тарқасты.

Авторы: Нұрбек Бекен