Ыстамбұлдағы жарылыс: күдікті әйел ұсталды

Түркия полициясы Ыстамбұлда жарылыс ұйымдастырған күдікті әйелді ұстады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы осы елдің Ішкі істер министріне сілтеме жасап жергілікті ақпарат құралдары хабарлады. Содыр әйел осы елде лаңкестік деп танылған Күрдістан жұмысшы партиясының мүшесі болуы мүмкін. Кеше Ыстамбұл қаласында кісі аяғы үзілмейтін Истиклал көшесінде жарылыс болып, 6 адам қаза тапты. Тағы 81 кісі жараланды. Олардың екеуі ауыр халде жатыр. Лаңкестік әрекет жергілікті уақытпен сағат 16:20 шамасында жүзеге асырылды. Күдікті сөмкеге салынған жарылғышты көшеге қойып кеткен болуы мүмкін. Жарылыстан жапа шеккендер арасында Қазақстан азаматтарының бар жоғын анықтау үшін Бас Консулдығымыз түрік билігімен үнемі байланыста отыр. Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығының нөмірі экранда көрсетілген. 

Фуат Октай , Түркияның вице-президенті:

- Біз лаңкестіктен қаза тапқандардың туған туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Бұл террорлық әрекетті жасағандар міндетті түрде ұсталып, тиісті жазасын алады. Біз бұл үшін бар күшімізді саламыз.