Қытайда 900 мыңға жуық адам карантинде отыр

Қытайда коронавирус қайта өршіді. Күн сайын елде 15 мыңдай науқас анықталады. 900 мыңдай адам карантинде отыр. 

Бейжің ковид жұқтырған адам саны бойынша Қытайда үшінші орында тұр. Вирус күніге күшейіп барады. Бұрын қала тұрғындарынан үш күнде бір рет тест тапсыру талап етілетін. Қазір кейбір қоғамдық орындар мерзімі 24 сағаттан аспаған тест қорытындысын сұрайды. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі ноль-ковид саясатын сәл де болса жұмсартты. Яғни, науқаспен жақын араласқан адамдар ғана карантинге алынады. Бұрын таяп кеткеннің бәрін оқшаулайтын. Бүкіл ғимаратты, тіпті елді мекенді жауып тастайтын. 

Чан Цзилэ, ҚХР Ауруларды бақылау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

- Ахуалды бағалап, біз біртіндеп оқшаулану мерзімін қысқарттық. Енді мейманханада 5 күн, ал үйде 3 күн оқшаулану керек. Бұрын карантин мерзімі 14 тәулік, сосын 14+7 тәулік болатын. Кейін 7+3, ал қазір 5+3 тәулік болды. Бұл бізге шығындарымыздың 30% -ін үнемдеуге мүмкіндік берді. Біз науқастармен қатынасқан адамдардың байланыстарын тексермейтін болдық, өйткені олардың арасында ковидты жұқтырғандар саны шамамен 100 мыңға 3 адам ғана. Іс жүзінде бұл санитарлық талапты жеңілдету емес, ғылыми тұрғыдан ойластырылған шара.

Шетелден келгендер үшін мейманханадағы карантин мерзімі 7 күннен бес күнге дейін қысқарды. Осыдан кейін үш тәулік үйде оқшаулануға тиіс. Ал ұшып шығу үшін мерзімі екі күннен аспайтын тек бір ПТР-тест тапсыру қажет. Үкімет халықты, әсіресе егде жастағыларды вакциналау қажеттігін ескертеді. 

Лэй Хайчао, ҚХР Денсаулық сақтау істері бойынша мемлекеттік комитет басшысының орынбасары:

- Қазіргі кезде медициналық мекемелерде әр мың адамға 6,7 төсек орын бар, ал жан сақтау бөлімдерінде әр 100 мың адамға төсек орны төртеуден аз. Дамыған елдердегі көрсеткіштерден едәуір төмен. Сондықтан ковидке қарсы күресте әлеуетімізді арттыру қажет.

Қолға алынған шаралар ковидтің әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсерін азайтуды көздейді. Сарапшылардың айтуынша Қытайға көбірек инвестор тарту үшін де осындай амал керек. Мұның сыртында қарапайым тұрғындардың да жүріс-тұрысына көп шектеу болмайды. 

Ботагөз Сырғабаева

Сондай-ақ...