loader


Израильде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мемлекеттен арнайы қаржы бөлінеді

Басты мақсаты – қатерлі ісікті асқындырмау. Осының арқасында өлім-жітім азайып, онкологиялық ауруларды емдеу тиімділігі артқан, деп хабарлайды «Хабар 24»

Мұны мемлекеттік бағдарламадан гөрі «мемлекеттік саясат» деп атаған дұрыс. Израильде өлім-жітімнің басты себебі –онкологиялық аурулар. Сондықтан бұған қарсы күреске қыруар қаржы жұмсалады және қатерлі ісік мүмкіндігінше ерте анықталады. Осының салдарынан өлім-жітім проценті төмен. Израиль ең дамыған 20 мемлекеттің арасында онкологиялық ауруларды емдеу бойынша 8-орында тұр. Соңғы кезде қатерлі ісікке жастар да жиі шалдығатын болды. «Сондықтан жергілікті мамандар диагностиканы ертерек жасау керек», – дейді. Заң бойынша медициналық сараптамадан өтуге мәжбүрлеуге болмайды. Алайда дәрігерлер тиісті тексеруден өтпегенше, жұртты шақырудан жалықпайды.

Юрий Ранков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығының директоры:

- Бұл – әйелдерді жүйелі түрде зерттеу, маммография, сүт безін ультрадыбыспен зерттеу, ер адамдардың қанын сараптау, Пи-Эс-Ай, яғни қуықасты безінде өзгерістер деңгейін көрсететін арнайы антиген.

Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімді. Қатерлі ісікті бірінші кезеңінде анықтап, емдеу едәуір арзан. Онкологиялық ауру түрлерінің дені бірінші кезеңінде толығымен жазылып кетеді. Дерті асқынса да бәрін тегін емдейді. Асқазан-ішек жолдары ауруларына ерекше көңіл бөлінеді. Аты жаман ауруды алдын ала анықтайтын арнайы бағдарлама да бар.

Юрий Ранков, Тель-Авив бірінші медициналық орталығының директоры:

- Асқазан-ішек жолдарының анық көрінетін суреттері бойынша  тамырлардағы өзгерістерді анықтап, бірнеше жылдан кейін қатерлі ісік пайда болатынын болжауға болады. Ал бұл науқасқа дұрыс нұсқау беріп, оның тұрмыс дәстүрін түзетуге мүмкіндік береді.

Мұның бәрі онкологияны толық жеңуге мүмкіндік бермесе де, тиімді күресті арттырып, науқастардың өмірін ұзартып, тұрмыс сапасын жақсартады. Осы тұрғыдан алып қарағанда Израиль көптеген елдерден әлдеқайда озып кетті, онкологиялық аурумен ауырғандарды аман қалу көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орында.

Авторы: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...