Индонезияда өткен «Үлкен жиырмалық» саммитінде Джо Байден мен Си Цзиньпин кездесті

Индонезияда өткен «Үлкен жиырмалық»  елдерінің саммитінде АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің жеке кездесуі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саясаткерлердің келіссөзі бір сағаттан астам уақытқа созылды. Тараптар Тайвань мәселесі, Украинадағы ахуал мен Солтүстік Кореяның ядролық сынағын жан-жақты талқылады. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Си Цзиньпин,  Вашингтонды Тайвань мәселесіне қатысты ұстамдылық сақтау керектігін ескертті. «Сонымен қатар Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың дамуына екі тараптың да бірлесіп жасаған іс- әрекеттері маңызды», – деді. 

Си Цзиньпин, ҚХР Төрағасы:

- Екі ірі мемлекеттің басшысы ретінде қарым-қатынасымыздың дұрыс болуы өте маңызды. Кез келген мемлекет басшысы әлем елдерімен дипломатиялық байланыста болғаны абзал.  Халықаралық қауымдастық та Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың реттелуін күтеді.

Сөзді түйіндей келе, Джо Байден де жылы қабақ танытып, алдағы уақытта екі ел арасында қақтығыстың болмайтынын ескертті. Десе де Вашингтонның Тайваньға қатысты көзқарасы өзгермегенін айтып, Қытайдың аралға басып кірмейтініне үмітті екенін жеткізді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Қырғи-қабақ соғыс болмауы керек. Бұл мәселені Си Цзиньпин мырзамен біраз талқыладық. Барынша ашық әңгіме болды. Саудадағы мәселелер де оңай шешімін табатынына сенімдімін.