Германиядағы газ қоймалары 100% толды

Жағымсыз болжамдарға қарамастан, Еуропа ресейлік газсыз қысқы маусымнан еш қиналмастан өтетін түрі бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген елдердің қоймалары көгілдір отынға толды. Саясаткерлердің мәлімдеунше, газ бәріне жетеді. Дегенмен бағасы әлі де қымбат болғандықтан, оны үнемдеуге шақырып отыр. Энергетикалық дағдарысқа әсіресе немістер алаңдаған еді. Өйткені бұл елде әрбір екінші үй газбен жылытылады. Алайда саясаткерлер уайымға негіз жоқ дейді. Германиядағы газ қоймалары 100% толды. Бұл қыстап шығуға жетеді. Билік өкілдері көгілдір отын қоймаларын Ресейдің қатысуынсыз толтырғанын ерекше атап өтті. Былтыр елге қажет газдың 55% Ресейден жеткізген болатын. Жалпы Еуроодақ елдері арасында Германия ресейлік газға ең тәуелді болатын. Бұдан құтылу үшін Катар, АҚШ секілді өзге елдермен келісімдер жасасып, көмір жағатын станцияларды қайта қосып, үш атом электр станциясының жұмыс мерзімін көктемге дейін ұзартты. Сондай-ақ ауа райы да өз әсерін тигізіп отыр. Биыл Еуропада күз де, қыс та жылы болатын түрі бар.

Джордж Калхун, энергетика саласының сарапшысы:

- Бұл жағдай Еуропаны энергетика саласында Ресейден тәуелділігінен құтылу ниетін үдете түсті. Бұл соншалықты тез өтетінін ешкім күтпеген еді. Еуропалықтар газ қоймаларын толығымен толтырды, қысқы маусымды қиналмай өтетін түрі бар. Мысалы, Роттердам және өзге де айлақтарда сұйытылған газын өткізу үшін кемелер кезекте тұр. Ұсыныс сұраныстан асып кетті.