Польша аумағына зымыран құлады

Түнде Польшаның Украинамен шекарасына жақын Пшеводув елді мекеніне зымыран түсіп, 2 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны кім ұшырғаны әзірге белгісіз. Бастапқыда Сыртқы істер министрлігі бұл Ресей зымыраны болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Бірақ Президент Анджей Дуда оны кім ұшырғаны жайлы нақты дәлел жоқ деп айтты. Оқиғаға байланысты Польшада Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі шақырылып, елдің әуе қорғанысы күшейтілді.

Анджей Дуда , Польша президенті:

- Біз бүгін Ресей әскерінің Украина аумағын зымырандармен атқылағанын білеміз. Бірақ зымыранды кім ұшырғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Тергеу жүріп жатыр. Олар бәрін тыңғылықты зерттеп, анық-қанығына көз жеткізетініне сенемін.

Оқиғаға қатысты Ресей Қорғаныс министрлігі де мәлімдеме жасады. Олар Польша аумағына түскен зымыранға қатысымыз жоқ деді. Сондықтан жергілікті ақпарат құралдарының «Ресей зымырандары деген ақпараты» жағдайды ушықтыруға бағытталған арандатушылық деп баға берді.