Еурокомиссия Шенген аймағына тағы үш мемлекетті кіргізуді ұсынды

Еурокомиссия Шенген аймағына тағы 3 мемлекетті кіргізу керек деген ұсыныс білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тізімде Болгария, Румыния мен Хорватия бар. Аталған елдер визасыз саяхат аймағына қосылу үшін барлық талаптарды орындаған делінген. Ресми Брюссель Шенген аймағының ұлғаюы Еуропаның қауіпсіздігін арттырады деп есептейді. Мәселен, сыртқы шекара нығайса, ішкі шекаралық бақылау болмайтын көрінеді. Желтоқсанда бұл мәселеге қатысты Әділет Кеңесі дауыс беретін болады.

Илва Йоханссон, Ішкі істер еурокомиссары:

- Шенген аумағы – Еуропалық одақтың үлкен жетістіктерінің бірі. Мемлекетаралық байланыс ішкі нарықты нығайтып, экономиканың алға басуына әрі халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға зор үлес қосады. Болгария, Румыния мен Хорватия да Шенгенге қосылуға дайын. Бұл елдер қойылған талаптардың барлығын жоғары деңгейде орындап шықты.