Катардағы әлем чемпионаты кезінде алкогольді ішімдік сатылмайды

Қазір әлем назары Қатарда.

Дохада футболдан өтетін әлем чемпионатында адамды масайтатын ішімдіктер сатылмайды. Бұл туралы "Рейтер" агенттігі хабарлады. Жанкүйерлер асыға күткен аяқдоп додасына дайындық қай деңгейде? Қандай қауіп-қатер бар?

Әлем чемпионатының қарсаңында ерекше ескерткіш ашылды. Футбол қақпасы, қол алысқан қос білек және жасыл доп. Бұл сәулет өнерінің басты артықшылығы - жел, күн және су сияқты баламалы энергия көздерінен қуат алып, жарқырап тұрады. Атауы да айрықша "Ең ұлы мақсат" деп аталады. 

Лоренцо Куинн, мүсінші-автор:

- Бұл мүсіннің басты идеясы - адамдарды біріктірудің маңыздылығын паш ету. Бүкіл адамзат бір мақсатқа жұдырықтай жұмылуы тиіс. Бізге керегі - жасыл желекке оранған әлем. Мүсінде қолданылған заттарды қайта өңдеуге болады. 

Кептеліс мәселесі шешілді

Әлем чемпионатының игілігін қарапайым тұрғындар қазірден көріп жатыр. Халық "Жаңа метро қолдануға берілгелі, кептелістен құтылдық" деп мәз. Чемпионат кезінде 110 пойыз жүреді.  

Якуб Әли Шейх, жергілікті тұрғын:

- Бұрын бір жерден екінші жерге бару үшін кемінде 1 сағат көлік кептелісінде тұратын едік. Қазір рахат болды. Кез келген жерге метромен 10-20 минутта еш кедергісіз жетіп барамыз.

Күніне 900-ден астам ұшақ қатынайды

Әлемдік дода кезінде Қатарға күніне 900-ден астам әуе рейсі келеді. Халықаралық әужайлар бұл жүктемеге толық дайын дейді жауаптылар. Ұйымдастырушылар футбол жарысы басталатын 20 қарашадан 18 желтоқсанға дейін елге 1 миллион 200 мың қонақ келеді деп күтіп отыр. 

Әкбар Әл-Бәкір,  QATAR AIRWAYS Бас директоры:

- Негізі жартылай финал және ақтық кездесулер болатын күндерге қарай сұраныс өте жоғары болады деген ойдамыз. Қосымша әуе рейстерін ашуға дайынбыз.

АПТАП ЫСТЫҚ КЕДЕРГІ ЖАСАУЫ МҮМКІН 

Сарапшылар аптап ыстық әлем чемпионатының жұмысына кедергі жасауы мүмкін деп әлден ескертіп жатыр. Әсіресе жасыл алаңдағы ойыншыларға ауыр соғады деген қауіп бар.