Грузияға соңғы 9 айда 3 миллионнан астам шетелдік турист келген

Коронавирустың алдында бұл көрсеткіш 2 есе көп болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан осы елге саяхаттаушылар саны бойынша алғашқы ондықта. Ал жұмсаған ақша көлемінен Сауд Арабиясынан кейінгі екінші орында. Туризмнің дамуы тың ізденіске жол ашты.  Экскурсияның бұл түрі ағылшынша «immerse» деп аталады. Көршілес Ресей мен Арменияға әлдеқашан енген. Аталған экскурсия 3 бөліктен тұрады. Олар: аудиоәңгіме, актерлардың ойыны және ескі Сололаки ауданының тарихымен сабақтас махаббат хикаясы.

Константин Потапов, жазушы-драматург:

- Біздің басты мақсатымыз – адамдарды түрлі сезімдердің тұңғиығына бойлату. Біз алуан заманнан сыр шертеміз. Ғашықтардың мұңы жырланады. Біздің кейіпкеріміз Сололакиде ержеткен және бір аулада өскен қызға ессіз ғашық болған.

Қос ғашықтың хикаясында мұң да, мысқыл да, грузин өмірінен алынған жеңіл әзіл де бар. Қыз бен жігіттің басынан кешкен оқиғалары Тбилисидің тарихымен қоса өрбиді.

Ольга Степанова, ресейлік турист:

- Мына экскурсия өзгеше екен. Кездейсоқ көріп қалдық. Қосылғанымызға өкінбейміз. Құлаққап тағып жүреміз. Сырттай ешқандай кедергі жоқ. Эмоцияға бай, шынайы қойылымдарды тамашаладық. Қатты ұнады. 

Экскурсияның жаңа түрі әзірге орысша жүргізіледі. Бірақ жақында ағылшынша нұсқасы да пайда болады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар Тбилисиді жаяу аралайтындарға арнап бірнеше аудиоспектакль дайындап жатыр.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили