Қазақтардың Түркияға табан тіреуінің 70 жылдығына орай конференция өтті

Биыл қазақтардың Алтайдан Анадолыға дейінгі көшіне 70 жыл.

Осыған байланысты Ыстамбұлда келелі кездесу өтті. 

Ұлы көш. Осындай атаумен Ыстамбұлда қандастарымыздың Түрік еліне табан тірегенінің 70 жылдығына орай халықаралық конференция өтті. Айтулы жиынға қазақ және түрік ғалымдары қатысып, көш тарихының зерттелмеген тұстарын айтты. Қазақ диаспорасының Түркиядағы орны мен болашағы жөнінде пікір алмасты. Қиың-қыстау кезеңде бодандыққа көнбеген қандастарымызды құшақ жая қарсы алған түрік бауырларымыздың қонақжайлығы сөз болды. 

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

- Жалпы біз түркі халқына түрік үкіметіне сол қазақ халқының басына ауыр күн туған кезде бізге көмектесіп, азаматтарымызды паналатып, Түркияның азаматтығын берген халқына үлкен рақмет айтуымыз керек. Зор алғыс айтамыз. Оның үстіне осында келген азаматтардың үшінші ұрпағы Еуропа елдерінде тұрып жатыр. Түркия елінде тұрып жатыр. Олардың басымы іскер азаматар. Ғылым және білім саласында істеп жатыр. Сондықтан да біз әр уақытта бұл азаматтармен байланыстамыз. 

Гүлнара Мендіқұлова, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Бүгін біз ұлы көш туралы көптеген мәселелер көтердік. Бұл біз үшін Түркия үшін Қазақстан үшін қазақтар үшін тарихи шара. Сол үшін бүгін дүниежүзінде қазақтар, көш туралы кім қандай пікірлер білдірді, көзқарастар қойды, қандай мақалалар, монография жазды сол туралы сөйледі.

Конференция аясында  «Алтайдан - Анадолыға: Азаттық аңсаған қазақ көші» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Монографиялық дерекке толы туындыны тамашалаған жұрт көзіне еріксіз жас алды. 

Ертолқын Ғайреттулла, Қазақ түріктері білім және ғылым қауымдастығының басшысы: 

- Бүгінгі тамашалаған фильм әсерлі болды. Бәріміз жыладық. Көзіміз толды. Бабаларымыздың көш барысында басынан өткерген қиыншылықтары түсіндірілген. Бәріне алғыс айтамыз. 

Кездесу соңында Отандастар қоры екі ел арасындағңы ынтымақтастықұа сүбелі үлес қосқандарды марапаттады. Кеудесіне арнайы төсбелгі таққандардың арасында арнамыздың Түркиядағы меншікті тілшісі Меруерт Қанағат та бар.