Францияда басты энергокомпания мемлекетке қайтарылып жатыр

Францияның басты энергетикалық компаниясы – EDF мемлекетке қайтарылып жатыр.

Бүгінде алпауыт кәсіпорынның акцияларының 86 пайызы үкіметке тиесілі. Енді тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін мемлекет компанияны толық бақылауға алмақ. Алайда кейбір акционерлер мұны мақұлдап отырған жоқ.

Әлемдегі ең үлкен атом парктерінің бірі EDF компаниясына тиесілі. Энергия тапшылығы өткір тұрған қазіргі заманда оның тиімділігін арттыру өте маңызды. Ресми ақпарат бойынша, кәсіпорындағы 56 реактордың 23-і іске қосылмаған. Өнімділік өткен жылмен салыстырғанда өте төмен. 

Элизабет Борн, Франция премьер-министрі:

- Климат дағдырысы шұғыл шешім қабылдауды қажет етіп отыр. Электр қуатын өндіру ісін толық бақылауға алуға тиіспіз. Энергетикалық тәуелсіздікке кепілдік беру аса маңызды. Болашақта бұдан да қиын болуы мүмкін. Мұндай шешімді басқалардан бұрын қабылдап үлгеруіміз қажет. Франция үкіметі EDF компаниясының 100 пайыз акцияларын бақылауға ниетті екенін растаймын. 

Бұл компания Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мемлекет меншігіне өткен еді. Бірақ 2006 жылы биржаға шығарылды. Содан бері акцияларының 14 пайызы жекешелендірліп, 1 пайызын компания қызметкерлері алды. 

Жак Персебуа, Энергетикадағы экономика және құқық зерттеулер орталығының директоры:

- Нарықта көп артықшылық бар. Біріншіден, бұл бәсеке. Ол тиімділікті арттырып, инновация тудырады. Десе де, ұзақ мерзімге билікке берілген жөн деп санаймын. Өйткені қауіпсіздік мәселесімен үкімет жақсырақ айналысады. 

Жекеменшік басқару табысқа жетелеген жоқ. Керісінше атом паркі ескіріп, тарифтер қажеттілікті толық өтей алмаған. Берешекке де белшесінен батқан. Биылдың өзінде EDF-тің қарызы 5 миллиард еуродан асады. Ал жалпы берешек көлемі 42 миллиард еуро. Мемлекет меншігіне қайтару туралы әңгіме қазірден сынға ұшырап жатыр. Компания ұжымы кәсіпорын бөлініп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Ал акция ұстаушылар мемлекет ұсынып отырған 12 еуроға наразы. Бірақ билік энергетика жүйесін толық сақтау үшін жаңа реакторлар салу қажет және бұл істі тез арада қолға алу керек дейді.

Ернат Мелсұлы, Әлия Сыздықова