Аланияда Абай үйі ашылды

Отандастар қорының ашқан жетінші орталығы Қазақстан мәдениеті және білім қауымдастығы ғимаратында орналасқан.

Алания Түркияның Ақтеңіз аймағындағы қазақтар көп шоғырланған қаланың бірі. Мұны ескерген Отандастар қоры  «Abai Uyi» мәдени- іскерлік үйін тап осы жерден ашуды жөн көрді. Ондағы мақсат Ұлттық мұраны көпшілікке дәріптеу, шетелдегі қазақтар арасында мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды нығайту. 

Абзал Сапарбекұлы, "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті:

- Аланияда шетелдіктердің саны 50 мыңнан асқан. Соның ішінде ең көп диаспора қазақ диаспорасы болып саналады екен. Жалпы Аланияда 15 мыңға жуық қазақ турады деп есептеуге болады. Жалпы Анталия облысында олардың саны одан да көп. Сондықтан келешекте қазақтардың мәдени ұйымының шеңберінде ашылған Абай үйі қазақстанның жалпы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын одан әрі дәріптеуге қызмет етеді деген сенімдеміз.

Мәдени орталықтың ашылу салтанатына еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келген. Алдыңғы буын бата берсе, жастар ұлттық биді мың бұрала билеп, дәстүрлі әндерді нақышына келтіре орындады.

Қасым Ботанов, Аланияның қазағы:

- Ғаламат жеңістіктердің бірі деп айтуға болады. Абайды әлемнің білгені дұрыс. Бізді, біздің ғұламаларды әлем осы күнге дейін жөнді білмейді. Абайды жөндеп аудара алмады орыстардың өздері. Тегінде Абай ойшыл ретінде ақындық ретінде әлемдегі ойшылардың ішінде озығы деп айтуға болады. Абайды тани білсең, әлемді танимын деп есептеуге болады.

Қазақтың тілін, діні мен салт-дәстүрін дәріптейтін «Abai Uyi» мәдени-іскерлік орталығы болашақта ұлтымыздың рухани ордасына айналады. «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір бұған сенімді. Оның айтуынша, әлемде мұндай үрдіс бірқатар елде бар. Мәселен, немістің Гете институтының жүзге тарта, ал түріктің Юнус Эмре ордасының 40-тан астам орталығы ашылған.

Жандос Әубәкір, "Абай академиясы" ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Әлемнің Абайы дейміз. Абайдың мұрасы мәңгілік дейміз. Ендеше осы Хәкімнің мұрасын жан- жақты насихаттау, ол тек қана өзімізді елде ғана емес, ол бүкіл әлемге тарау керек. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абайдың осы гуманистік ойы барлық әлемге тарап жататын болса, қазақ халқының ұлылығын да ары қарай насихаттау береді. Абай барда қазақ бар. Қазақ барда Абай бар.

Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...