Украинада тұрғындар күніне бірнеше сағат жарықсыз отырады

Біз ел аман, жұр тынышта осындай болып жатырмыз. Ал елдегі энергетикалық нысандарының күл талқаны шыққан Украина қайтіп күнелтіп жатыр?!

Мұндағы тұрғындар күніне бірнеше сағат жарықсыз отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Әйтеуір дәтке қуаты – жылу бар. Бірақ барлық жерде емес. Қазір әлем елдері Киевке көрсетілетін көмек көлемін тағы арттыруға кірісті.

Энергетикалық жүйеге салмақ түспес үшін, бүкіл елдегі электр қуаты кестеге сай өшіріліп отырады. Әсіресе Киевте жағдай қиын. Мамандар қалада электр қуатын тұтыну мөлшерін 60% азайту керек дейді. Әйтпесе апат болуы мүмкін. Мұнда жарық тәулігіне ары кетсе 4-5 сағатқа ғана беріледі Ең алдымен аурухана, сорғы станциялары, жылу бекеттері секілді инфрақұрылымдарды электр энергиясымен қамтамасыз ету маңызды. Мынау сондай нысандардың бірі Киевтегі аурухана. Зымыран түсіп, жарықсыз қалған. сол зымыран түскен сәтте баланың жүрегіне операция жасалып жатқан екен. Әйтеуір, дәрігерлер амалдап, оның өмірін сақтап қалды.

Тұрғындар да күнкөріс қамын күйттеуге кіріскен. Электр энергиясы болмағасын, тамақты далада әзірлеуге мәжбүр.

Жалпы Украинаның қысын қатаң деуге келмейді. Орташа температура минус 3-4 градус. Қазір барлығына дерлік жылу берілген. Тек соңғы шабуылдан кейін Вининцкая облысындағы 20 мыңдай тұрғыны бар Ладыжин қаласы түгел жылусыз алды. Мұнда әскери сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Елдің оңтүстігіндегі ахуал алаңдарлық. Николаев облысында 250 мың адам сусыз отыр. Бұл орайда БҰҰ Украинаға көрсетілетін көмек көлемін арттыруға шақырады. Халықаралық бірлестіктің мәліметі бойынша, осы күнге дейін елге 3 млрд доллар бөлінген.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- Николаев қаласының халқына көмек қажет. Қалада жылу бекеттері ашылды. Онда үйі орталық жылу жүйесінен ажыратылған тұрғындар келе алады. Гуманитарлық ұйымдар елді мекенге керек-жарақтыны жеткізуге тырысып жатыр.

Халықаралық ұйымдардан бөлек Украинаға өзге елдер де жәрдемдесуге даяр. Мәселен, Норвегия Киевке газ сатып алу үшін 190 млн еуро бөлетін болды. Бұдан бөлек энергетикалық нысандарды жөндеуге тағы 95 млн береді. Бүгін АҚШ-та жаңа қаржылай көмек туралы жария етуге тиіс.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева