Украинадағы банктер жабылудың алдында тұр

Украинадағы қарулы қақтығыс қаржы ұйымдарының қызметін дағдарысқа ұшыратты.

Тұрғындардың көбі несиесін төлей алмай жатыр. Проблемалық портфель саны ұлғайды. Бұған жаппай белең алған жұмыссыздықтың да бар. 

Елдегі банктердің жұмысына соғыс кесірін тигізіп жатқаны мәлім. Украина бойынша 67 қаржы ұйымы бар десек, төрт ірі банк - мемлекет меншігінде. Ресми дерек бойынша, қаңтар мен маусым аралығында ел өңіріндегі жекелеген банктердің 1100-ден астам филиалдары жабылды. Қаржы институттары несиелік шығындардың көп екенін айтып шағымдануда, салдарынан банк активтерінің сапасы нашарлаған. Оған елде белең алған жұмыссыздық әсер етіп тұр. 

Данило Гетманцев, Жоғарғы Рада депутаты:

- Жаппай жұмыссыздық қарқынды түрде белең алып жатыр. Жыл соңында бұл көрсеткіш отыз проценттен асатын болады. Елдің әр өңіріндегі кәсіпорындар жабылып, жұмысшыларын таратуға мәжбүр, тіпті мемлекеттік қызметтегі адамдар да жұмыссыз қалып жатыр. Салдарынан табыс та азайды.

Отандық банк секторын оңалтуға әсіресе бас қаржы ұйымы атсалысып отыр. Айталық, елдегі екінші деңгейлі банктер  қайта қаржыландыру саясатын белсенді түрде пайдаланып  келеді. Алайда, бұл үрдіс жекелеген қаржы институттарына қауіп төндіріп отыр. Дәл осы себепті тамызда Ұлттық банк бірқатар банктерді төлем бойынша қабілетсіз деп жариялады. Соғыс ұзақ уақытқа созылса оннан астам қаржы ұйымы дағдарысқа төтеп бере алмайды, дейді сарапшылар. 

Орест Сохар, журналист:

- Дүниежүзілік банк 2023 жылдың соңына қарай украиндықтардың 55 пайызы кедейлер санатына жататынын айтты. Яғни, олардың бір күндік табысы 2,15 доллардан аспайтын болады. Биылғы жылдың аяғына дейін кедей украиндар саны 25% ке жетпек, ал соғысқа дейін бұл көрсеткіш 2% болатын.

Украинаның Ұлттық банкі жылдық инфляция отыз процентке жететінін мәлімдеді. Алайда тәуелсіз сарапшылар бұл көрсеткіш  45 тіпті 50 процентке дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Украинаның қазына қорының  ай сайынғы тапшылығы сегіз млрд еуроны құраған. Бюджет қаражатының басым бөлігі қорғаныс саласына құйылып жатыр. 

Аида Қыдырбай