Қырғызстанда ауыл шаруашылығы құлдырады

Қырғыз жастары даладағы алқапта емес, қаладағы тойханада жұмыс істегенді құп көре бастаған.

Соңғы 8 жылда 250 мың тұрғын ауыл шаруашылығынан қызмет көрсету саласына ауысқан. Мұның себебі неде? Тілшіміз айтып берсін.

Қырғызстанда ауыл шаруашылығы табыс көзі болудан қалып барады. Қазір қаржыны мейрамханалар мен қонақ үйлер бизнесіне салған тиімді. Статистика мәліметі көрсеткендей, соңғы 10 жылда алқапта жұмыс істейтіндердің қатары 35 пайызға қысқарған.

Ирина Литвякова, маркетолог:

- Банкет бизнесі несімен тартымды? Тойхана салсаң болды, ол жай тұрғанда шығын талап етпейді. Той жасайтын адам тапсырыс бергенде ғана даяшыларға, аспаздарға, басқарушыға ғана ақша жұмсайсың. Қаржы қолма-қол түседі.

Банкет-холл, ивент-плаза, тойханада жастар үшін де табыс табу оңай. 2-3 айлық курстан соң білікті даяшы болып шыға келеді. Бұл жағынан нарықта сұраныс өте жоғары. Күннің ыстығы мен нөсер жаңбырдың астында алқапта қажып жұмыс істегенше, ән мен бидің ортасында тойлап жүріп, ақша тапқан жақсы.

Ғани Абдрасилов, экономист:

- Жастар қазір ауылға бармайды. Оларды ол жаққа тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Мейрамханада немесе басқа қызмет көрсету саласында олар еріккеннен жүрген жоқ. Басқа амал қалмады жастарда.

Ауыл шаруашылығының тұралауының тағы бір себебі жаңа технологиялардың енуі. Қазір бір жағынан адамға ауыр жұмыс істеудің де қажеті жоқ. Түрлі заманауи техникалар шығып жатыр. Десе де ауыл шаруашылығына адам күші, оның ішінде қайратты жастар керек-ақ. Өйткені ауылсыз адамның күні қараң.

Бакыт Чермашев