Әлемде мобильді төлем арқылы есеп айырысу ұлғайған

Әлем елдерінде төлем жүйелері арқылы есеп айырысу деңгейі әртүрлі.

Бірақ соңғы он жылдықта қолма-қол ақшаны пайдаланудан гөрі банк картасы немесе мобильді төлем арқылы есептесу ұлғайған. Оларды пайдаланушылардың көбеюіне пандемия да едәуір ықпал еткен.

Қолма- қол ақша немесе банк картасын қолдануға қатысты еуропалықтардың пікірі әртүрлі. Кәрі құрлықта қаржы ұйымдары ұсынатын цифрлық платформаны көбіне Скандинавия елдері жиі пайдаланады. Сауалнамаға қарағанда финдар мен норвегиялықтардың 70 пайызы картамен есеп айырысады екен. Швецияда бұл көрсеткіш 80 процентті құрайды. Ал Германия мен Австрия тұрғындарының басым бөлігі бұл төлем құралына қарсы. Зерттеуге қарағанда немістердің 49 проценті сауданы қолма-қол ақшамен жасайды екен. Бірақ пандемия кезінде оны пайдаланушылар қатары көбейген.

Мило, Берлин тұрғыны:

- Менің ата-анам қолма-қол ақша ұстайды. Өзім картаны жиі пайдаланам. Бірнеше банк картасы сыятын көлемдеу әмиян ұстаймын. Иә, банк картасымен кез-келген жерде есептесуге болады. Бірақ қағаз ақшаны пайдаланудан бас тарту әлі ерте деп ойлаймын. 

Ал Ресейде ақшасыз операция көлемі алғаш рет 2019-шы артқан еді. Ол кезде тауардың 50,4 пайызы карта немесе смартфонмен төленген болатын. Бірақ санкциялардың салдарынан қағаз ақша айналымы қазір қайта артты.  Қыркүйек айындағы мобилизациядан соң оған сұраныс тіпті 9 есеге өсті. Сөйтіп, қолма-қол ақшамен жасалған операция көлемі 132 миллиард рубльге жетті. Шетелдік валютаны қолдану да қазір қиындай түсті.

БЛИЦ:

- Баяғыда картаны жиі қолданушы едім. Қазір көбіне қолма қол ақшаны пайдаланам. Телефондағы төлем қосымшалары да жұмыс істемейді. Қаңтарда Тайландқа бармақпын. Қолма қол ақшаны айырбастау кезінде қиындық тумас деп үміттенем.

- Көбіне қолма- қол ақшамен есептесем. Ыңғайлы. Шығын да азайды. Карта болғанда ақшаны қалай көп жұмсап қойғаныңды байқамай қаласың. Ал қағаз ақшаны ұстағанда еріксіз ойланасың.

Қытайда керісінше ақшасыз есеп айырысу көлемі артып келеді. Былтыр көрсеткіш 10 пайызға өсті. Жергілікті банктер 700 триллион доллар ақша аударымын жасаған. Мобильді қосымша арқылы төлеу 22 процентке көбейді. Олармен операция 458 триллион долларға жетті. Қазір Қытайда "Алипей" және "Вичатпей" деп аталатын 2 мобильді төлем жүйесі көбірек қолданылады. Оны белсенді пайдаланушылар саны 900 миллионнан асады.

БЛИЦ:

- Бірнеше жыл бұрын қағаз ақша ұстап жүруші едік. "Алипей" пайда бола салысымен ақшасыз есеп айырысуға көштік. Қазір бүкіл Қытайда қолма-қол ақшасыз есеп айырасады деген ойдамын. Біз саяхатшылармыз. Елдің 90 пайызын аралап шықтық. Қазір ауылдық жерлердің өзінде "Алипей" мен "Витчапейді" қолданады. Бізде әмиян да жоқ. Олардың орнына карта салғыштарымыз бар.

- Мен өзім жиіркеншекпін. Маған қағаз ақшалар кір сияқты көрінеді. Шынымды айтсам оларды соңғы рет қашан қолыма ұстағанымды білмеймін.

Өзбекстанда болса қолма-қол ақша айналымы әлі де көп. Қаржы ұйымдары ұсынатын цифрлық платформаны қолданатындар аз. Азаматтарға жалақы, жәрдемақы және зейнетақы банктік карта арқылы төленеді. Алайда күнделікті сауда-саттық көбіне қолма-қол әдіспен жасалады.

БЛИЦ:

- Мен жаңа ғана банкоматтан ақша алып, дүкенге сауда жасауға бардым. Картада қаржы қалдырмаймын. Үнемі осылай жасаймын.

- Карта арқылы төлем жасау әрине, ыңғайлы. Бірақ қолма-қол ақша да керек. Кез келген жерде картаны қабылдай бермейді.

- Екі төлем әдісінің артықшылығымен қоса, кемшілігі де бар. Қазір цифрлық инфрақұрылым дамып жатыр. Соған байланысты онлайн төлем жүйесі де қалыптасуы керек.

Жалпы Өзбекстанда қолма-қол ақша мөлшері 20 проценттен асады. Ал дамыған елдерде тиісті көрсеткіш 7-8 пайыз көлемінде. Мұны мамандар елдегі ашық сауда орындарының көптігімен байланыстырады.

Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Дана Нұржан, Ботагөз Сырғабаева, Рауан Мыңбаев