Сирияда губернатордың кеңсесі талқандалды

Сирияның оңтүстігінде әкімдікке шабуыл жасалды. 200-ден астам тұрғын Суейда қаласы губернаторының кеңсе ғимаратын өртеп, талқандаған.

Үкімет өкілдері мен куәгерлер оқ атылғанын хабарлады. Ереуілшілер президент Башар Асадтың биліктен кетуін талап еткен. Халықты қымбатшылық қыспаққа алып, өмір сүруге ең қажетті заттардың бағасы удай болып кеткен. Наразы халық құқықтарының  сақталғанын талап етеді. Олардың айтуынша, адамдар күн көре алмай, аштан қырылып жатыр. Шабуыл кезінде губернатордың өзі жұмыс орнында болмаған. Оқ тиген бір бейбіт тұрғын кейін ауруханада көз жұмды. Тағы бірнеше кісінің жарақат алғаны белгілі болды.