Ресейден теңіз арқылы жеткізілетін шикізаттың 1 баррелінің құны 60 доллардан аспайтын болады

Енді Ресейден теңіз арқылы жеткізілетін мұнайдың бір баррелінің бағасы 60 доллардан аспайтын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгіннен бастап Еуроодақта тиісті талап күшіне енді. Бұл Украинадағы шиеленіске байланысты Мәскеуге қарсы салынған 6-шы санкция аясында қабылданған шара. Бірақ шешім не Киевтің, не Кремльдің көңілінен шықпады.

Бұған дейін Еуропа елдеріне жеткізілетін мұнайдың 20% Ресейге тиесілі еді. Алайда Украинадағы шиеленіске байланысты Еуроодақ жазда қара алтын экспортына біртіндеп шектеу енгізе бастады. Оны Үлкен Жетілік елдері мен Австралия да қолдады. Енді бүгіннен бастап Ресейден теңіз арқылы тасылмалданатын шикізаттың бір баррелінің құны 60 доллардан аспауы тиіс. Бірақ бұл тиімсіз. Өйткені бүгін нарықта мұнайдың бір баррелі 86 доллар шамасында саудаланып жатыр. Ережеге бағынбағандарға айыппұл салынады. Бұған қоса, Ресейлік мұнай өнімдерінің де бағасы шектеледі. Бірақ тиісті талап тек екі айдан кейін, яғни 5-ші ақпанда күшіне енеді. Қара алтын құны күн сайын өзгеріп отыратыны түсінікті. Сондықтан шекті баға 2 айда 1 рет қайта қарастырылады.       

Мәскеу бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл шектеу шарасы әлемнің энергетикалық нарығын тұрақсындандыруға бағытталғанын айтты. Сондықтан бұған жауап ретінде қарсы шара қолданамыз-деді. Бірақ не жоспарланып отырғанын нақтылаған жоқ. Былтыр Ресейге  экспорттан түскен пайданың 37 % мұнай өнімдері құрады. Батыс елдерінің шешіміне Украинаның да көңілі толмады. Өйткені Киев шекті бағаны 60 емес, 30 доллар шамасында бекітуді ұсынған. Бұл бастаманы Балтық елдері мен Польша да қолдаған. Алайда сарапшылар ресейлік қара алтының Азиядағы ірі сатып алушылары Қытай мен Үндістанның бұл шешімді мақұлдауы екіталай деп санайды. 

Ресей шикізатының шекті бағасын бекіту бастамасынан кейін әлемде қара алтын бағасы өсті. Бұған ОПЕК шешімі де әсер еткен. Кеше мұнай экспорттаушы елдер ұйымы шикізат өндіру жоспарын өзгертпей, сол күйінде қалдыруға уағдаласқан. Сарапшылар бағаның өсуіне Қытайда коронавирусқа қатысты шектеу шараларының жеңілдеуі де әсер еткенін айтады.