Әлемде саяси және экономикалық мәселелерден наразылық шаралары жиіледі

Әлемде саяси және экономикалық мәселелерден наразылық шаралары жиіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші Моңғолияда көмір жанжалына байланысты шеру әлі өтіп жатыр. Үкімет іске қатысы бар алғашқы күдіктілерді ұстағанын жариялады. Ал Перуде биліктен кетірілген президент жақтастары мен қарсыластары көшеге шығып, қақтығыс болды. Францияда шарапшылар үкіметтен көмек сұрап наразылық акциясын ұйымдастырды.

Наразылық басылар емес

Моңғолияда өткен аптада басталған шерулер әлі басылар емес. Бүгін Ұлан-Батырдың орталық алаңына тағы да қарақұрым жұрт жиылды. Қарасы мыңға жуықтайды. Аймақтардан ат болдыртып келіп, алаңда салт жүргендер де бар. Ал үкімет көмір ұрлығына кінәлілердің біразын ұстағанын мәлімдеді. Олардың арасында қазбалы өндіріс және экспортпен айналысқан мемлекеттік компанияның бұрынғы басшысы мен оның туыстары және кәсіпкерлер бар. 

Президент жақтастарының шеруі 

Перу елінде жұрт полициямен қақтығысты. Мұнда кеше Конгрессті таратпақ болып, қамауға алынған президент Педро Кастильоның жақтастары көшеге шықты. Шерушілер парламенттің мемлекет басшысына импичмент жариялағанына наразы. Ал Кастильоға лауазымын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Елдегі билік вице-президент Дина Болуртеге өтті.

Дина Болуарте, Перудің уақытша Президенті:

- Бәріңіз жақсы білетіндей, Педро Кастильо мырза мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды. Бірақ ол әрекеті қолдау таппады. Іске аспай қалды. Маған үлкен жауапкершілік жүктеліп тұрғанын сезініп тұрмын. Елдегі барлық саяси күштерді диалогқа шақырамын. Азаматтардың негізгі құқықтарына құрметпен қарай отырып, біз экономикалық өрлеуге аяқ басып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылуымыз керек.

Сот шешімі наразылық туғызды

Ирактың Насирия қаласында да халық наразы. Оған соттың халық жасақтарын сынаған жас блогерді үш жылға соттауы себеп болған. Жұрт биліктен үкімді қайта қарауды сұрайды. Наразылық соңы полициямен қақтығысқа ұласып, 2 адам мерт болды.

Шарап жасаушылар наразылығы

Шарап жасаушылар да билікке өкпелі. Француз кәсіпкерлері үкіметтің ақшалай қолдау жасауын талап етіп жатыр. Себебі, экономикалық дағдарыстың салдарынан, кейінгі үш жылда шарап ішпейтіндер көбейген. Сауда 15% төмендеді. Шаруалар да климаттың өзгерісінен жүзім шаруашылығы көп зиян келді дейді.

Шекарашылар ереуілге шықпақ

Ал Ұлыбритания әуежайларындағы шекарашылар ереуілге шықпақ. Әскерилер инфляциядан жалақылары құнсызданып кеткенін айтып, оны өсіруді сұрайды. Шекарашылар наразылық шарасын желтоқсанның 23-нен бастап жаңа жылға дейін жалғастырмақ.