loader


Өзбекстан газ экспортын тоқтатты

Газ мәселесі бізде ғана емес екен.

Өзбекстан шетелге көгілдір отын экспортын тоқтатты. Енді қайтпек керек?

Ала тақиялы ағайын енді газды қойып, көлікке бензин құйып жатыр. Ал үкімет жаңа импорттық келісімдер жасауға кірісті. Көрші елдерден сұйытылған газ немесе бензин жеткізуге мүдделі.

Өзбекстанды газбен қамту кейінгі жылдары күрделі мәселеге айналды. Тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Оның жетіспеушілігі жылу электр орталықтарына да әсер етті. Себебі кәсіпорындардың дені көгілдір отынмен жұмыс істейді. Ал газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек. Жеке және мемлекеттік нөмірі бар көліктерге метан сатылмайды. Тек бензинмен жүруіне рұқсат. 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Оның үстіне Ташкентте кейінгі бір аптада күн суып, қалың қар жауды. Ауа температурасы әдеттегідей емес, төмен. Соның салдарынан үйлерге жылу да жетіспей жатыр. Электр орталықтарына ауыртпалық артып, жарық желілерінде іркілістер пайда болды. 

Энергетика министрлігі жағдайға түсіністікпен қарауға шақырып отыр. Себебі қазір үнемділік қажет. Мүлдем жарықсыз қалу қаупі де бар. Биыл қаңтардағы блэкаут әлі ел жадында. «Газ жеткілікті болса, мәселе шешімін табады», - дейді үкіметтегілер.

Жорабек Мырзамахмұдов, Өзбекстан Республикасының энергетика министрі:

- Біздің міндетіміз үйлерді газбен қамту, сондай-ақ табиғи отынды пайдалана отырып, жылу электр станцияларында электр қуатын өндіру. Иә, желіде проблемалар бар. Оны  мойындаймыз. Осындай ауа райында жоспарлы шектеулер енгізбесек, одан да ауыр зиян шегуіміз мүмкін. Сондықтан қатаң шараларды қабылдауға мәжбүрміз.

Газ мәселесін Президент әкімшілігі жіті назарда ұстап отыр. Сырттан АИ-80 маркалы бензин импортын арттыру міндеттелді. Әрі оның акциздік құн салығын алып тастау ұсынылды. Келісім көршілес елдердің бірімен тек екіжақты шарт негізінде жүзеге асуы мүмкін. Ал ішкі нарықтағы трейдерлерге газ экспортын тоқтату тапсырылды. Тіпті Қытайға тасымал жасайлмайды. Бұған дейін екіжақты келісімдер негізінде Қазақстан арқылы шығыстағы мемлекетке сатылып келген еді.

Рауан Мыңбаев, Санжар Шатуляганов

Сондай-ақ...