Германияда климатты қорғаушылар өздерін көлік жолдарына супер-желіммен жабыстырып жатыр

Германияда климатты қорғаушылар өздерін көлік жолдарына супер-желіммен жабыстырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан қозғалыс тоқтап, кептеліс сағаттап созылуда. Экобелсенділер наразылық акциясын алдағы аптада да жалғастыра бермек.

Асфальтқа жабысқан белсенділер жолды жауып, көліктерді жүргізбей жатыр. Бұл Берлин көшелерінде күнде болатын көрініс. Тіпті, қазір жергілікті полиция өздерімен бірге шпатель  және күнбағыс майын алып жүретін болған. Жолға жабысқан бір адамды желімнен ажырату үшін кемі 20 минут уақыт кетеді, дейді олар. Белсенділер көлікті қойып, енді әуе қозғалысын да тежеуге көшкен. Ол үшін әуежайдағы ұшу-қону жолақтарына отырып алады. Берлиндегі әуежайдың жұмысын бірнеше сағатқа тоқтатқан кездер де бар.
Ян-Питер Хаак, Берлин әуежайының қызметкері:

- Бізге 15 рейсті қайта бағыттауға тура келді. Бұл ұшақтар Берлинге қонуы керек еді, бірақ Лейпцигке, Дюссельдорфқа және Дрезденге ұшып кетті. Бірнеше сағат қозғалыс тоқтап, 4 мыңға жуық жолаушының өз рейстерін кейінге қалдыруына тура келді.

Көшедегі наразылықпен қатар табиғат ананы жақтаушылар мұражайларды шабуылдауға көшкен. Мәселен, олар әйгілі Клод Моне картинасына картоп пюресін жағып тастады. Абырой болғанда, өнер туындысы зиян шеккен жоқ. Белсенділер өздерінің радикалды әрекеттері арқылы биліктің назарын аудармақ. Талап – автобандарда белгіленген жылдамдықты азайту, бюджеттік билет енгізу. Сонда тұрғындар қоғамдық көлікке көшіп, ауа әлдеқайда тазарады, дейді олар.     
Лина, экобелсенді:

- Біздің наразылық акцияларынан зардап шеккен азаматтардан кешірім сұраймыз. Бірақ, егер саясаткерлер бізді «естімесе», біз мұндай демонстрацияларды жалғастыра бермекпіз! Себебі, біз климаттық апат алдында тұрмыз! Біздің саясаткерлер «о-ян-сын»!

Биылдыққа Берлинде осындай 2,5 мың құқық бұзушылық тіркелді. Алайда, олар бейбіт диалогқа қол жеткізер емес. Жазадан басқа жауап жоқ. Мәселен, акцияға қатысушының біріне 1300 еуро айыппұл салынса, тағы бірі 1 айға қамалды. Дегенмен, белсенді іске кіріскен эко-қорғаушылар алған беттерінен қайтар емес. Олар жаңа жыл қарсаңында Берлин көшелеріндегі блокадалар бұдан да көбейеді деп сес көрсетіп отыр.