Анкарада «Алаш туы астында» деректі фильмінің түрік тіліндегі көрсетілімі болды

Анкарада «Алаш туы астында» деректі фильмінің түрік тіліндегі көрсетілімі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен «Көкту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйытқысымен өткен шара Алашорда үкіметінің 105 жылдығына және Тәуелсіздік күніне орайластырылды. Айтулы жиынға түрік университеттерінде білім алып жатқан отандастарымыз, жергілікті қазақтар,  Хажы Байрам университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Шара барысында, Алаш идеясы мен Алашорда қайраткерлері жайлы жан- жақты мағлұмат беріліп, олардың сан қилы тағдыры сөз болды.

Фатих Килешчиоғлұ, Хажы Байрам университеті профессоры:

- Фильмді көріп отырып, көзіме жас келді. Әсіресе туындының түйіні жүректі елжіретеді. Қайраткерлердің жатқан жері жайлы болсын! Түркияда Алашты ұлттық қозғалыс ретінде ғана біледі. Дегенмен, Алашорданың құрылуы, ондағы қиындықтар мен арыстардың тағдыры туралы көп айтыла бермейді.

Назерке Ахметова, студент:

- Мен шетелде оқып жатқан студент ретінде өзімнің бірге оқып жүрген достарымды алып келдім. Тек түріктер емес, одан басқа басқа өлкелерде де достарым болды. Олар, жалпы өзарамызда сөйлескен кезде қазақтың тарихына қызығушылық танытады. Бүгін келіп, өздері тыңдады. Сондықтан да бұл расымен де осындай ма деп сұрап жатыр. Өздерінің қызығушылығын білдіріп жатыр. Біз үшін де бұл шетелде оқып жатқандықтан тарихымызды оқу, көру ерекше сезім сыйлады.