Байкал маңында фосфат мөлшері 5% артық тұрмыстық химия өнімдерін сатуға болмайды

Ресейде Байкал көлін фосфатпен ластанудан қорғау туралы заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды.

Құжатқа сай  көл маңында құрамындағы фосфаттың мөлшері 5 проценттен асатын тұрмыстық химия өнімдерін сатуға тыйым салынады. Бірақ бұдан бөлек су қоймасының экологиясына микропластик, өнеркәсіптік қалдықтар мен гидротехникалық құрылыстардан да қауіп төніп тұр.

Дана Нұржан, тілші:

- Ғалымдардың есептеуінше, Байкал 25 миллион жыл бұрын пайда болған. Бұл ең терең көл. Дүние жүзіндегі тұщы су қорының 20 проценті осы көлдің үлесіне тиесілі. Сондықтан оның экологиялық жағдайы,,,жаһандық мәселеге айналып отыр.

Дүние жүзіндегі ең үлкен тұщы су қоймасы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Оның тағы бір ерекшелігі - эндемиктердің, яғни тек осы көлде ғана кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің көптігі. Олардың саны мыңнан асады. Ішіндегі ең танымалы - Байкал итбалығы. Оны өндірістік мақсатта аулауға 16 жыл бұрын тыйым салынан. Соның арқасында қазір саны 150 мыңға жетеді. 

Наталья Дмитриева, Ресей Ғылым академиясы Байкал мұражайының қызметкері:

- Байкал көліндегі итбалық өте көп. Олардың санының артып кеткені соншалық, май мен терісін пайдалану үшін қайтадан аулауға бола ма деген сұрақ туындайды. Негізі жануарларды атуға лицензия беріледі. Бірақ оны тек байырғы халықтар ғана ала алады. 

Байкалдың экологиясынан бөлек алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Көл,,,Сібірдің байырғы тұрғындары мен түркітілдес халықтар арасында қасиетті орын саналады .

Анна Кочеткова, гид:

- Бақсы жартасы - Ангара өзенінің бастау алатын жері. Аңыз бойынша Байкал қашып бара жатқан қызы Ангараның соңынан осы тасты лақтырған деседі. Сондықтан кейбіреулер мұнда Ангараның әруағы мекен етеді деп сенеді. Кезінде су электр станциясын салғанда билік осы Бақсы жаттасын жарып жібермек болған. Алайда кейіннін бұл ойынан бас тартқан.

Байкалдың экологиялық проблемасының көбі адамның іс-әрекетіне байланысты. Кейінгі уақытта өңірге ағылған турист көп. Өнеркәсіп те қарқынды дамып келеді. Аймақта экологиялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Ресейде көлді қорғау үшін төртінші жыл бойы арнайы федералдық жоба іске асырылып келеді. Су тазарту қондырғылары салынып жатыр. Алайда соған қарамастан, Гринпис сарапшылары биыл Байкалда фосфат мөлшері алты есе артқанын тіркеген. Өйткені көлге құятын өзендердің суымен бірге мұнда өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар да түседі.  

Руслан Болотов, Иркутск қаласының мэрі:

- Оң жағалаудағы ағынды сулар Иркутск қаласындағы тазарту қондырғысына жіберіледі. Қазір сол жағалаудағы тазарту қондырғылары салынып жатыр, бұл Иркутск қаласының ағынды суларының 60%-дан астамы тазартылады деген сөз. 

Наурыздың басында ЮНЕСКО делегациясы көлдің экологиялық мәселелерін шешу жолдарын талқылау үшін Байкалға баруды жоспарлаған еді. Оны ұйымның «қауіп төніп тұрған» мұралары тізіміне қосу көзделген. Алайда Украинадағы шиеленіске байланысты бұл сапар кейінге қалды. Енді сарапшылардың мұнда қашан баратыны белгісіз. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров