Байденнің 20 млн адамның кредитін кешіру әрекеті қолдау таппай тұр

АҚШ Жоғарғы соты студенттердің берешегін кешіру үшін күресіп жатқан президент Байденнің апелляциясын екінші рет қарайды.

Төрт ай бұрын Америка Құрама Штаттарының басшысы білім аламын деп қарызданған ел азаматтарының несиесіне 20 мың долларға дейін жеңілдік жасау туралы шешім шығарады. Бірақ бірқатар штаттың судьялары мемлекет басшысының жоспарын заңсыз деп таныған. Енді Джо Байден олардың үкімін өзгерту үшін Жоғарғы Сотқа шағым түсірді. Мәселенің мән жайын тілшіміз Нұрбек Бекен баяндайды.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Тамыз айында АҚШ президенті Джо Байден Ковидке байланысты 20 миллион адамның қарызын жеңілдету туралы шешім шығарды. Білім алу үшін қарызданған студенттің жылдық табысы 125 мың долларға жетпесе және 250 мың долларға жетеқабыл табысы бар ерлі-зайыптылар үшін оқу ақысын жеңілдететінін мәлімдеген болатын. Бірақ Техас штатының округтік судьясы Марк Питтман бұған тосқауыл қойды. Жүрек жұтқан судья өз шешімін қарашаның 10-ы шығарған. Ендігі Байденнің бар амалы Жоғары соттан төрелік сұрау. Өйткені, республикашыл алты штат сотқа жүгініп, Джо Байден өкілеттігін асыра пайдаланбақ деп шағым түсірді. Олардың уәжі мұндай қомақты қарызды кешіруге тек Конгресс құқылы.

Кэти, Вашингтон қаласының тұрғыны:

- Мысалы, менің ата-анам әлі де студенттік несиелерін қайтару үстінде. Оған қоса жылдар бойы пайыздық мөлшер көбейді. Яғни олар 20 жыл бұрын алған ақшамен салыстырғанда қазір әлдеқайда көп ақша қарыз. Меніңше бұл үлкен проблема. Үкімет осыған байланысты дұрыс әрекет жасаса екен деп тілеймін. Тіпті болмаса пайыздық мөлшерлемені азайтса үлкен көмек болар еді. 

Гразер, студент:

- ЖОО-ның бағасы өте қымбат. Президенттің осыған орай әрекеттеніп, мәселені қолға алуы жақсы деп ойлаймын. Себебі біз 40-50 жасымызға дейін сол алған біліміміздің ақысын төлеумен өтеміз. Сол үшін өзімізге ұнамайтын түрлі жұмысқа тұрамыз. Жақсы жағдайда өмір сүре алмаймыз. Сондықтан қарыздың бағысын біраз болсын түсірсе жақсы болар еді.  

Нұрбек Бекен, тілші:

- АҚШ президенті пандемия кезінде бір реттік көмек арқылы кемі 20 миллион адамның 400 миллиард доллар қарызын кешірмекші. Бірақ республикашылдар бұл шешімге қарсы. Ал демократтар пандемия кезінде республикалық партияның елдегі ірі компанияларды 2 триллион салықтан босатқанын алға тартып отыр. Олар олигархтар емес, қарапайым халық бүгінгі жағдайда мемлекет қолдауына мұқтаж деп есептейді. Қарызын азайту үшін 23 миллион студент онлайн өтініш беріп қойған. Егер Жоғары сот республикашыл топтың талабын дұрыс деп тапса, олар амалсыз қарыздарын өтей бастайды. Бірақ сот қандай шешім шығаратыны белгісіз. Тыңдау келер жылы ақпан айына белгіленді. 

Нұрбек Бекен