Қырғызстанда респираторлық ауруларды жұқтырудың 14 мыңнан аса дерегі тіркелді

Осы аптада Қырғызстанда респираторлық ауруларды жұқтырудың 14 мыңнан аса дерегі тіркелді. Бұл өткен жұмамен салыстырғанда, бір жарым есе көп. Науқастардың дені – балалар. Шу облысында мектептердің көбі жабық тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар қашықтан оқиды. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері өзге өңірлердің де осылай істегені дұрыс болады дейді.

Нұргүл Молдалиева, аурухана қызметкері:

- Кеше бізге 286 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың 138-ін ауруханаға жатқызуға тура келді. Науқастардың дені - балалар.

Қырғызстанда 2400-дей мектеп бар. Соның 500-ден астамы қазір карантинге жабық тұр. Балалардың сабаққа қатысуы 20 процентке дейін төмендесе, әр облыс басшылығы білім беру мекемесін каратинге жабуға қатысты шешімді өз бетінше қабылдайды. Ол үшін құрамына билік өкілдері, дәрігерлер мен педагогтар кіретін штаб құрылады.   

Раиса Асылбашева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

- Отбасылық медицина орталықтарында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін бөлімдер демалыс күндері де жұмыс істейді. Олар балаларды қабылдап жатыр. Ауруы асқынғандарды жатқызу үшін қосымша төсектер дайындап қойдық.

Тұрғындар кейінгі уақытта тұмауға қарсы екпені аз салдыратын болған. Респираторлық аурулардың асқынуына осы себеп дейді дәрігерлер. Негізі вакцина тегін. Алайда балаларды айтпағанда, ересектердің өздері оны салдыруға асыпайды. Эпидахуалдың нашарлауының тағы бір себебі – биылғы қыс әдеттегіден суық. боп тұр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бакыт Чермашев