Грузияда баспана бағасы шарықтап тұр

Грузияда баспана бағасы шарықтап тұр

Грузияда баспана бағасы шарықтап тұрПәтерақы екі есе өскен. Сатылатын үй де қымбаттаған. Оған әлемдегі геосаяси ахуал себеп. Украинадағы шиеленіс пен жартылай мобилизацияға байланысты мұнда барған Ресей азаматтары көбейген. 

Баға, әсіресе, Тбилисиде шарықтап тұр. Бір жыл ішінде мұнда пәтер 50 пайызға дейін қымбаттаған. Ал жалға алу құны екі есе өсті. Бұл жағдайдан жергілікті тұрғындар жапа шегіп отыр. Өйткені орталықтан пәтер жалдауды қалтасы көтермейді. Сөйтіп қаланың шетінен арзандау баспана іздеуге тура келеді. 

Ольга Макеева, Тбилиси тұрғыны:

- Үйдің иесі пәтерақысын 2-3 есе көтеріп жіберді. Сондықтан шұғыл түрде басқа баспана іздеуге мәжбүр болдық. Жаз бойы сенделіп жүрдім. Достарымды паналадым. Басқа пәтер таптым. Бірақ бағасы қымбат. Оның үстіне орналасқан жері ыңғайсыздау.

Былтыр Тбилисидің орталығындағы екі бөлмелі пәтер 60 мың доллар тұратын. Қазір екі есе қымбат. Сол пәтерлер 120 мың долларға сатылып жатыр. Ал жалдау құны ауданға байанысты 800-ден 2 мың долларға дейін жетеді. Бұл ақшаны шетелдіктер төлей алса, жергілікті студенттер мен жас отбасылардың қалтасы көтермейді.

Софья Гочелашвили, студент:

- Пәтер ақысы екі есе қымбаттады. Орталықтан көшіп, басқа ауданнан үй таптық. Бірақ мұндағы баға да жетісіп тұрған жоқ. Әрине, бәріміз де орталықта тұрғымыз келеді ғой. Алайда амал қанша. Бұл жағдайдан студенттер қатты қиналып жатыр. Кейбір достарым академиялық демалыс алып, туған жеріне кетіп қалды.

Қымбат болса да, пәтерге деген сұраныс жоғары. Салдарынан қазір сатып алатын үй табу қиындаған.

Хелен Стерлинг, жылжымайтын мүлік бойынша кеңесші:

- Бір қызығы дипломатиялық миссия өкілдеріне пәтер таппай қалатын жағдайлар болады. Тағы бр айта кететін жайт. Бұрын Еуропа елдерінің азаматтары арзан баспана үшін Грузияға келетін. Алайда қазір олар өздеріне тиімдісін іздеп, басқа мемлекеттерге кетіп жатыр.

Сарапшылар нарықтағы жағдайдың тұрақталатын түрі жоқ дейді. Олардың болжауынша, келер жылы жалға берілетін пәтер ақысы 25, ал сатылатын үйлердің бағасы 18 процентке өседі.  

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили