Қазақстан Ташкент облысына мультимодальды кешен салады

Қазақстан Ташкент облысында ең ірі көлік-логистикалық орталық салады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба операторы – отандық «PTC Holding» компаниясы. Жүк терминалы Қытайдан жеткізілетін тауар ағыны мен Орталық Азияның транзиттік әлеуетін арттырады. Құрылыс Президенттің Өзбекстанға мемлекеттік сапары кезінде басталды. Жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылы іске қосылады.

Мультимодальды терминал құрылысын екі елдің Президенттері ресми түрде бастап берді. Жобаға бірінші кезеңде 70 млн доллар қаржы бөлінді. Ташкент іргесінен келешекте Қытай, Корея, Пәкістан, Иран, ТМД және Балтық елдеріне тауар жеткізу мүмкіндігі туады. Кері бағытта да сауда керуені жүреді.

Нажмеддин Шәріпов, Ташкент облысы әкімінің орынбасары:

- Өзбекстанда А санатты логистикалық терминалдың салынатыны өте маңызды. Оның Ташкент облысында бой көтеріп жатқаны біз үшін тіпті мол мүмкіндік береді. Себебі өңіріміз Қазақстан және Тәжікстанмен шектеседі. Оңтүстікте халқы тығыз қоныстанған уәләяттар да бар. Арада заманауи жүк тасымалы қалыптасады.

«PTC Holding» осы жоба арқылы трансұлттық компанияға айналуды көздеп отыр. Бұған дейін Қазақстанның ішкі инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асырып келді. Ал Өзбекстан жаңа нарық. Көршімізде бұрын-соңды

мұндай терминал болмаған. 

Тимур Қарабаев «PTC Holding» компаниясының басқарма төрағасы:

- Өзбекстан Қазақстанмен тауар айналымын арттырып келеді. Қытаймен де алыс-берісі көбейген. Көлік ағынын заманауи үлгіде реттейтін боламыз. Бұл жерде автомобиль және вагонмен де тауар жеткізіліп, келесі нүктеге жіберіледі.

Жоба аясында 38 шақырым теміржол салынады. Құрылыс кезінде мыңнан аса адам еңбекпен қамтылып, кейін тұрақты жұмыс орындары ашылады. Терминалда 11 мың контейнер қабылданып, түрлі температурада тауар сақтайтын қоймалар болады. Терминал 2026 жылы іске қосылады. Оған құйылатын жалпы қазақстандық инвестиция 300 млн долларға жетеді.